Негізгі Жаңалықтар ҚЫРКҮЙЕК – КИБЕРМӘДЕНИЕТ АЙЫ

ҚЫРКҮЙЕК – КИБЕРМӘДЕНИЕТ АЙЫ

Интернет алаяқтарының айласы күн сайын жаңарып келеді. Жалған жарнама, күмәнді сілтеме, тіпті жасанды интеллект арқылы жасалған бейнероликтер де қылмыскерлердің құралына айналды. Шымкентте қыркүйек айы «Кибермәдениет айы» аясында өтіп, тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде.


«Кибермәдениет айы» аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қаладағы жоғары оқу орындарында да жүргізілуде. Мамандар әсіресе ата-анасынан жыраққа шығып, жаңа ортаға бейімделіп жүрген студенттерге сақ болу қажеттігін ескертеді. Өйткені жастар да интернет алаяқтарының арбауына жиі түсіп жатады.


БАҚЫТЖАН БЕКБАЕВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
 Мысалы, TikTok, Facebook, Instagram-да видео көріп келе жатқан кезде «Қазатомөнеркәсіп» деген сияқты сілтемелер шығады. Жасанды интеллект арқылы Мұхтар Жәкішевті шығарып, қаржыны көбейтуді түсіндіреді. «Подробнее» деген батырманы басасыздар, сол жақтан жалған менеджерлер хабарласады.


Кездесу барысында студенттерге дербес деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану және күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрлері мен қылмыскерлердің азаматтарды алдау тәсілдері айтылды.


ЕРДӘУЛЕТ ЕРАЛИЕВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Үйде отырып онлайн жұмыс істегім келген еді. Жауапкершілікке тартылатынымды білмедім. Қазір ең актуалды қылмыс – интернет алаяқтық. Аптасына 15-20 қылмыс тіркеледі. ҚР ҚК 232-бабының 1-бөлігі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылады.


Студенттерге интернеттегі киберқауіптерден қорғанудың қарапайым ережелері де көрсетілді. Мамандардың кеңесін тыңдаған жастар жеке банк картасын, құпия сөздер мен SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамға бермеу керектігін атап өтті.


ШЫНАР МҰХАМЕД, СТУДЕНТ
Өзіміздің картамызды ешкімге бермеу керек екенімізді, бізге келген кодтарды айтпау керектігін түсіндірді.


АҚНАЗАР МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, СТУДЕНТ
Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелердің бірі – дроперлік. Алаяқтардың әдіс-тәсілдерін білікті мамандар түсіндіріп кетті.


«Кибермәдениет айы» аясындағы іс-шараларға студенттермен қатар жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қызметкерлері де қатысуда. Мамандардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік ережелерін білу – кибералаяқтықтың алдын алудың маңызды шарты. Сондықтан кез келген күмәнді ақпаратқа сақтықпен қарап, жеке деректерді қорғау әр азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс.

Бөлісу