570 ТӨСЕК-ОРЫНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА
Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанға арнайы барып, құрылыс барысын бақылады.
Көпбейінді аурухана 15,6 гектар аумақта бой көтеріп жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы – 83 276 шаршы метр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 88 пайызы орындалған. Нысан құрылысына 300-ден астам адам жұмылдырылған. Аурухананың құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Ал келесі жылы медициналық мекемені заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жаңа аурухана іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артып, күрделі медициналық қызметтерді жергілікті жерде алу мүмкіндігі кеңейеді. Сондай-ақ заманауи диагностика мен емдеу қызметтерін дамытуға жағдай жасалады.