Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ

ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ

Шымкенттің 2045 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Құжатта қала халқының 2 миллион 400 мың адамға дейін өсуі болжанған. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысын ұлғайту, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, сондай-ақ көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Жобаның негізгі бағыттары бүгін қоғамдық талқылауға шығарылды.


Шымкенттің Бас жоспары ондаған жыл ішінде бірнеше рет жаңартылды. Соңғы рет 2023 жылы бекітілген құжатқа енді қайта түзетулер енгізілмек. Қоғамдық талқылауға қаланың 2045 жылға дейінгі даму жоспары шығарылды. Жиынға қала құрылысы саласының мамандары, жобалаушы ұйымдардың өкілдері және қоғам мүшелері қатысты.


 НҰРЛАН АРХАБАЕВ,  «ШЫМКЕНТ БАСЖОСПАР» КММ БАСШЫСЫ
Қала тірі организм сияқты өзгеріп кетті. Соңғы даму барысы қарқынды болды. Инвесторлар келді. Соған байланысты көптеген өзгеріс. Өнеркәсіпте де болды. 2012 жылғы бекітілген бас жоспармен қазігінің ауқымы 50-60 пайызға дейін өзгеріп кетті.


Болжам бойынша, 2045 жылға қарай Шымкент халқы 2 миллион 400 мың адамға жетеді. Ал тұрғын үй қоры 25 миллионнан 30 миллион шаршы метрге дейін ұлғаймақ. Бұдан бөлек, қалада 225 мектеп пен 430 балабақша салу жоспарланған.


НҰРЛАН АРХАБАЕВ,  «ШЫМКЕНТ БАСЖОСПАР» КММ БАСШЫСЫ
 Арнайы норматив шықты қалай бекіту керек қала құрылыс жобасын. Соған сәйкес ұсыныстардың бәрін қабылайды деген сөз емес. Жобаға пайдасы тисе қаралады.


Жоспарда өндірістік аймақтарды кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және көлік-инженерлік желілерді дамыту да қарастырылған. Қоғамдық талқылау кезінде тұрғындар мен мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Айтылған ескертулер Бас жоспар жобасын жетілдіру кезінде ескерілмек.

Бөлісу