АҚШ-ПЕН ӘРІПТЕСТІК АРТАДЫ
Түркістан облысы америкалық компаниялармен экономикалық байланысты күшейтпек. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесіп, инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім және туризм салаларындағы әріптестікке басымдық берілді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Түркістан облысы – экономикалық әлеуеті зор, инвестиция тартуға қолайлы әрі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестік орнатуға басымдық береміз, – деді Нұралхан Көшеров. Ал Питер Кауфман жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, тарихи Түркістанның ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ өңірмен байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Кездесуде нақты инвестициялық бастамаларға да назар аударылды. Атап айтқанда, америкалық John Deere компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және Lindsay компаниясының суару жүйелерін өндіру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бастамалар аграрлық секторды жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары көбейеді деп күтілуде.