Негізгі Жаңалықтар ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ШОУ ФОРМАТЫНДА ТҮСІНДІРІЛДІ

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ШОУ ФОРМАТЫНДА ТҮСІНДІРІЛДІ

Лудомания, интернет-алаяқтық, дропперлік. Жастар арасында өзекті бұл мәселелер енді шоу форматында түсіндірілді. Шымкентте «QŪQYQ TIMES» атты құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Күрделі тақырыптар әзіл-қалжың, интерактивті ойындар мен ашық пікірталас арқылы жеңіл жеткізілді.

 Кеш тізгінін танымал әзілкештер ұстады. Бағдарламаға Нұрлан Асанов, Ақерке Арыс және Айкерім Есенәлі сынды әлеуметтік желі жұлдыздары да қатысты. Олар жастармен кездесіп, құқықтық және қаржылық сауаттылықтың маңызын түсіндірді.

АРУЖАН ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
 – «Құқықтық сауаттылықты, қаржылық сауаттылықты, дропперлікті, интернет-алаяқтықтың алдын алуды қызықты етіп, жастарға танымал тұлғалар арқылы насихаттау. Себебі жастарға маңызды ақпаратты қысқа әрі танымал тұлғалар арқылы жеткізу тиімді деп санаймыз»

Жастар да белсенділік танытты. Студенттер мамандарға сұрақ қойып, алаяқтықтан қорғану жолдары мен қаржылық қауіпсіздік туралы маңызды ақпарат алды. Қатысушы Рамазан Тұрғанбектің айтуынша, тың формат күрделі тақырыптарды есте сақтауға мүмкіндік берген.

РАМАЗАН ТҰРҒАНБЕК, СТУДЕНТ
– «Осы бір QŪQYQ TIMES жобасынан танымал тұлғалар арқылы дропперлік, лудомания және интернет-алаяқтық жайлы құнды мәліметтерді білдік»

 Шара соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Ұйымдастырушылар төрт номинация бойынша үздіктерді анықтады. «Үздік блогер», «Жыл еріктісі», «Жыл серіктесі» және «Үздік жоғары оқу орны» аталымдарының жеңімпаздарына арнайы марапаттар табысталды. Ал М.Әуезов университеті 22 мың студентті қамту мақсатында мыңға жуық белсенді жасты шараға жұмылдырған.

 РЫСКҮЛ ОРЫНБАСАРОВА, М. ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ
– «Бұл іс-шара өте ауқымды болғандықтан, біздің студенттеріміз елімізде қандай дропперлік мәселелер бар екенін, қаржылық және құқықтық сауаттылықтың маңызын білуі керек деп ойлаймыз. 22 мың студентті қамту үшін мыңға жуық белсенді жасты алып келдік»

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарға құқықтық білімді осындай заманауи форматта ұсыну тәжірибесі алғаш рет қолға алынып отыр. Енді жоба еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын таппақ.




Бөлісу