«OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫН КІМДЕР БАСҚАРДЫ?
Бүгін «Ońtústik» телеарнасына 36 жыл. Осы аралықта арна басшылығын 7 азамат тізгіндеген. Әрбірі оның дамуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосып, қайталанбас қолтаңба қалдырды. Мерейтой аясында көрермен назарына әр жылдары арнаға жетекшілік жасап, ілгері сүйреген көшбасшылар жолын ұсынамыз.
«Оңтүстіктің» уығын қадап, шаңырағын көтерген – Байдулла Қонысбеков. 1990 жылы ол жоқтан бар жасап, телеарна ашуға мұрындық болды. Қала билігімен келіссөз жүргізіп, Шымшаһарға жаңалық алып келді. Медиа мекеменің техникалық базасын түгендеп, маңына маман жинады.
ГҮЛСАРА ҚУАНЫШБАЕВА, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
– «Мысалы, біз тұрған мына ғимарат әкімшілік ғимарат болатын. Әкімшілік ғимараттың үшінші қабатын, яғни жиналыс залын телеарнаның студиясы еттік. Жоғарыда екі-үш қана бөлме болатын…» «Байекең әкімшілікке, басшылыққа айтып жүріп…»«Ғимаратты телеарна есебіне бергізді. Қаншама техниканы мүмкіндігінше алды»
Байдулла Қонысбеков – қолда барды қонышынан баспады. Қызметке қарындасын, ірі іске інісін іліктіріп алсам демеді. Талантты тани білді, талабын жони білді. Ар кодексіне арқа сүйеп, ақ адал қызмет атқарды. Көз көріп, қызметтес болғандар оның осы қасиетін жоғары бағалайды.
ЕРҚУАТ БАЙЗАҚОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ
– «Облысымызға Президент келсе де, Үкімет басшылары келсе де, алдына сені алып шығады ғой әкімдердің бәрі. Содан бір жер сұрасай. Бәріміз жабылып саған жер үй салайық дедім. Ол кісінің адалдығы, ниетінің пәктігі болса керек, соны сұрамайды ғой. Соңғы уақытқа дейін мұндағы төрт бөлмелі үйде тұрды»
Байекең телеарна ашып қана шектелмеді, оны 90-жылдардағы алмағайып, дағдарыс кезеңінде басқарды. Ел аладорба арқалап, жаппай саудамен айналысқанда, ол ұжым бірлігін нығайтып, ыдыраудан сақтады. Қызметкерлер айлап жалақы алмай, ақшадан тарыққанда жарнама қызметін күшейтіп, жұмысшыларға демеу көрсетті. Халық қамын күйттеп, мұң-мұқтажын көгілдір экран арқылы көтерді. Ғұмырының соңына дейін «Оңтүстікпен» байланысын үзбей, жиі бас сұғып тұрды. Жас буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар берді.
БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКОВ, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (1990–2002) // БЕЙНЕҚОР //
– «Екі ұжымға да ризамын. Ешуақытта ұмытқан емес. “Оңтүстік Қазақстан” газеті болса да, “Оңтүстік” телеарнасы болса да.»
ҚАЛЫБЕК АТЖАН, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (2002–2006) // БЕЙНЕҚОР //
– «Әзірше қала тұрғындарының 70–80 пайызы ғана көгілдір отынмен және электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр. Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай. “Хабар” Шымкенттен.»
2002 жылы арна тізгінін Қалыбек Атжан қолға алды. Еңбек жолын тракторшы болып бастаған ол асқақ арман жолында талмай ізденіп, түрлі басылымдар мен Қазақ радиосында редактор болды. Республикалық «Хабар» агенттігінің Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Ғасыр басында «Оңтүстік» телеарнасының жүгін арқалап, үлкен ұжымға жетекшілік жасады. Дала студиясын құрып, оны жасыл желекпен көмкерді. Күні бүгінге дейін онда түрлі түсірілімдер жасалады.
ГҮЛСАРА ҚУАНЫШБАЕВА, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
– «Балмен бағалауды жолға қойды. Ол әрбір қызметкердің жұмысқа деген талпынысын күшейтті. Айлықты сол балға қарап аласың.»«Сен бұл аптада қалып бара жатырсың ба? Келесі аптада талпынасың. Сол арқылы шығармашылық өсім де болды. Сол кезде біз филиалдар арасында алда жүрдік.»
Қалыбек Атжанның адамгершілік болмысы да жоғары еді. Жығылғанды демеп, сүрінгенді сүйеу – оның өмірлік миссиясы болатын. Қолда барды көппен бөлісіп, көмек қолын созуға дайын тұратын.
РАХИЯ СҮЛЕЙМЕН, Қ. АТЖАННЫҢ ЖҰБАЙЫ // БЕЙНЕҚОР //
– «Поездбен кетіп бара жатқанбыз. Сөйтсек, Түлкібастың екі жас баласы домбыра тартып, ән айтып отыр екен. Сосын манағы балаларды бері шақырып, үйге алып келді. Колледжге түсіріп, үйге тұрғызды. Кейін жатақханаға кетті.»
Ал 2008–2009 жылдары «Оңтүстік» телеарнасын Есмұхаммед Шынтеков басқарды. Ұжымды ұйытып, жаңа белестерге жетеледі. Одан кейін бұл қызметті 2009–2013 жылдары Ғалым Омарханов атқарды. 2019 жылы арнаға Бауыржан Бердімұратов жетекшілік етті. Әрбірінің өзіндік қолтаңбасы, арна дамуына қосқан өлшеусіз үлестері бар.
Уәли Қыдыр – «Оңтүстік» телеарнасын екі мерзім, 10 жыл басқарды. Техникалық құрылғыларды жаңартып, ғимаратты ағымдағы жөндеуден өткізді. Қаржылық қиындықтарды еңсеріп, жұмысшылардың жалақысы өсірді. Қызметтік көліктерді көбейтіп, мекеме жертөлесін ретке келтірді.
УӘЛИ ҚЫДЫР, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (2013 – 2019, 2020 - 2024)
– «Мен келгенде телеарнаның жағдайы кішкене қиындау еді. Ғимарат ескірген, автокөліктер ескірген еді. Автокөліктерді журналистер итеріп отырды. Шұбалаңқы микрофон, сымдары сырқа шығып тұратын. Қаржылық жағдайлар болды. Сол мәселелерді ептеп-ептеп шешіп, көп нәрсені ретке келтірдік. Ғимаратқа күрделі жөндеу жасадық. Жаңа камералар алдық.»
Ал 2024 жылы телеарна тізгінін Саламат Омаш қолға алды. Бұған дейін ұлттық арнада директор, бас продюсер, шеф-редактор қызметтерін атқарған журналист «Оңтүстікке» тың серпін сыйлады. Креативті бағдарламалар қатарын көбейтіп, жаңалықтардың сапасын көтерді.
САЛАМАТ ОМАШ, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- «Оңтүсік телеарнасынан қаншама елге танымал журналистер, әншілер, мәдениет қайраткерлері, танымал акерлар, депутартар шықты. Олардың барлығы өздерінің жылы лебіздерін, рахметерін осы оңтүстік телеарнасына айтады. Себебі осы жалпы Шымкент қана емес, оңтүстік өңірдегі бұл біздің телеарнамызды қара шаңырақ деуге болады.»
36 жыл ішінде телеарнаны тізгіндеп, ұжым ұйымшылдығын сақтаған басшылық – «Оңтүстікті» көш ілгері сүйреді. Соның арқасында іргелі ұжым өңір телевизиясының қара шаңырағына айналды. Бүгінде арнаның тынысы кеңіп, өрісі артқан. Көзіқарақты көрерменге сапалы хабар мен тың ақпарат ұсынып келеді. Талай буынның жолын ашып, бағыт-бағдар берген ұжым әлі талай белестерді бағындырары анық.