ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 5000 АЗАМАТ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Шымкентте баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталуда. Бүгін тағы 25 отбасы қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа баспаналардың кілтін иелеріне салтанатты түрде тапсырды. Пәтерлер инфрақұрылымы дамыған Асар-2 шағынауданынан берілді.
Тахмина Юнусова баспана кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрған. Төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға екі бөлмелі пәтер бұйырды. Ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келген ол енді өз үйіне қоныстанады.
ТАХМИНА ЮНУСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Төрт бала шағам бар. Бір келінім бар. 11 жыл пәтер жалдап тұрдық. Енді Асар-2-ден 2 бөлмелі пәтер алдық. Өте қуаныштымыз. Анам да, барлығы қуанышты. Сонша жыл күттік сол пәтерді. Маған өте ұнады. Әдемі жер, әдемі пәтерлер.
Жаңа баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында үлестірілді. Пәтер алғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар бар.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Бүгінгі таңда 25 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Ол жалдамалы, сатып алу құқығымен берілген пәтерлер болып табылады. Пәтерлеріміз Асар-2 шағынауданында орналасқан. Барлығы коммуникациялармен жабдықталған, таза әрлеудегі, қоныстануға дайын пәтерлер.
Қала әкімі баспана кезегі белгіленген тәртіппен жүргізілетінін атап өтті. Азаматтарға пәтерлер кезектілігіне сәйкес берілетінін жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мынау жаңа жылдың қарсаңында алып отырсыздар. Қанша уақыт күттіңіздер орташа? – 10 жыл. – Міне, уақыты келген кезде, бұйырған кезде алдыңыздар. Өздеріңіз көріп жатсыздар ғой, барлығы шын кезекпен жүріп жатқанын. Ешқандай басқа жолдарын іздеудің қажеті жоқ. Кезек келсе аласыздар, келмесе ала алмайсыздар. Үйлеріңізді көрдіңіздер ме? Той болсын үйлеріңізде, жақсылық болсын!
Қазір Шымкентте тұрғын үй кезегінде 98 мыңнан астам азамат бар. Биыл қалада 9634 пәтердің кілтін табыстау жоспарланған. Бүгінге дейін 4058 отбасы баспаналы болды.