«ПӘНАРАЛЫҚ НЕВРОЛОГИЯ – 2026»
Шымкентте «Пәнаралық неврология – 2026» халықаралық конгресі өтіп жатыр. Отандық және шетелдік сарапшылар жүйке жүйесі ауруларын емдеудің соны әдістерін, инсульт салдарымен күресті және сирек патологияларды емдеу мәселелерін талқылауда. Іс-шара аясында мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған секциялық отырыстар мен практикалық шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сарапшылар бұл халықаралық диалог еліміздің денсаулық сақтау саласына жаңа серпін беретінін айтады.
Халықаралық конгресті Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен «Asia Neuro» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Ақхалаттылардың жиыны жүйке жүйесі ауруларын ерте диагностикалау, заманауи емдеу және оңалту әдістерін талқылау, озық ғылыми жетістіктерді клиникалық тәжірибеге енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталып отыр.
ГҮЛФАРИЗА ТОҚСАНБАЕВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР
Бүгін біздің халықаралық конгрестің екінші күні жалғасып жатыр. Іс-шара 3 мен 6 қараша аралығында Пәнаралық неврология тақырыбында жалғасады. «Пәнаралық неврология – 2026» іс-шарасы ғылым мен тәжірибені тоғыстыратын, халықаралық тәжірибе алмасуға және неврология саласының дамуына жол ашатын маңызды ғылыми алаң.
Конгреске Ұлыбритания, Малайзия, Испания, Иран және Түркиядан келген халықаралық сарапшылар қатысып, өздерінің ғылыми зерттеулері мен клиникалық тәжірибелерімен бөлісуде. Ғылыми басқосу аясында неврологияның өзекті бағыттары қамтылған.
САЛТАНАТ ЕРКЕБАЕВА, ОҚМА НЕВРОЛОГИЯ, ПСИХИАТРИЯ, РЕАБИЛИТОЛОГИЯ ЖӘНЕ НЕЙРОХИРУРГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ
Кешелі бері бізде паркинсон аурулары және де қозғалыс аурулары бойынша оқу өтіп жатыр. Бүгінгі екінші күн толығымен жақын және алыс шетелдерден келген жас ғалымдардың қатысуымен конкурс өтіп жатыр. Осы 4 күннің ішінде дүниежүзіндегі неврологиялық аурулардың алдын алу, прафилактикасы, клиникасы, диагностикасы бойынша өзекті мәселелерді қарастырып, сол жайында білім алмасу, пікір алмасы аясында өтіп жатыр.
Бүгін халықаралық конгрестің екінші күні аясында жас ғалымдар секциясы ұйымдастырылды. Секция жұмысына докторанттар, резиденттер мен жас зерттеушілер қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.