Негізгі Жаңалықтар АЭС ЖЫЛУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫНЫҢ ОРНЫН БАСАДЫ

АЭС ЖЫЛУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫНЫҢ ОРНЫН БАСАДЫ

Энергетикалық тәуелсіздік пен электр тапшылығы – бүгінде әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Қарқынды дамып келе жатқан экономикаға электр энергиясы ауадай қажет. Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтіп, жоба халықтың басым бөлігінің қолдауына ие болды. Ал Мемлекет басшысы станция құрылысын жеделдету қажеттігін айтты.


 Қазақстан энергетикалық тапшылықты жою және «жасыл» экономикаға көшу бағытында ірі жобаларды қолға алуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айындағы халыққа Жолдауында «Балқаш» АЭС-інің құрылысын 2027 жылы бастауды және екінші «Мойынқұм» атом электр станциясына қатысты дайындықты жеделдетуді тапсырды. Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын алғашқы атом электр станциясы еліміздің оңтүстік өңірін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоба халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асырылмақ.


 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға болады. Тіпті, бастауымыз қажет деп санаймын.


 Еліміздегі қолданыстағы электр станцияларының бірқатары әбден тозған. Өнеркәсіп орындарының көбеюі, халық санының өсуі және цифрлық технологиялардың дамуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары энергия тапшылығы одан әрі сезілуі мүмкін. Сондықтан тұрақты әрі қуатты энергия көзі ретінде атом энергетикасына басымдық беріліп отыр.


 ТАЛЖАН РАЙЫМБЕРДИЕВ, Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, АКАДЕМИК
Бізге бір емес, бірнеше АЭС қажет. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы орасан зор энергияны қажет етеді. Егер деректерді өңдейтін ірі орталықтар тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмесе, цифрлық жүйелердің жұмысы тоқтайды. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Президентіміздің бұл бағыттағы ұстанымы дұрыс. Қазір Екібастұз үлкен энергетикалық алаңға айналып жатыр. Біз АЭС құрылысын қолдап, оның қажеттілігін түсінуіміз керек.


«Балқаш» пен «Мойынқұм» атом электр станциялары еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа нысандар электр энергиясына деген сұранысты өтеуге, ескірген жылу электр станцияларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, атом энергетикасын дамыту – ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі.

Бөлісу