200 ОРЫНДЫҚ ПЕРЗЕНТХАНА САЛЫНЫП ЖАТЫР
Шымкентте жылына 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Демографиялық өсімге байланысты Ақжайық шағын ауданында 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Құны 48,6 миллиард теңге болатын медициналық кешен ана мен балаға мамандандырылған көмек көрсетуге арналған.
12 блоктан тұратын үш қабатты ғимаратта акушерлік-гинекология бөлімі, күндізгі стационар және неонаталдық хирургия қарастырылған. Заманауи жабдықтармен қамтылатын орталық жылына 7 мыңға жуық пациентті қабылдайды. Мұнда Шымкент тұрғындарымен қатар Түркістан облысының іргелес аудандарынан келген аналар мен нәрестелерге де медициналық көмек көрсетіледі.
МАҚСАТ МЕЙМАНАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаламызда, атап айтқанда, Абай ауданында 200 орынға арналған перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 48,6 миллиард теңге. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қазіргі таңда негізгі конструкциялық жұмыстар аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту, кірпіш қалау жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Құрылыс мерзімі – 17 ай. Нысанды 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.