Қ.ТОҚАЕВ: АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ 2027 ЖЫЛЫ БАСТАЛУЫ КЕРЕК
Атом электр станциясының құрылысы, энергетикалық қауіпсіздік және ұлттық кадр даярлау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын дамытуға қатысты нақты міндеттерді атады. Мемлекет басшысы Балқаш АЭС-інің құрылысын 2027 жылы бастауды және Мойынқұм АЭС-і жобасын жеделдетуді тапсырды.
Атом электр станциясын салу мәселесі энергетикалық қауіпсіздікпен қатар, экология мен маман даярлау мәселесін де алға шығарды. Қолдаушылар АЭС электр энергиясына деген сұранысты өтеуге мүмкіндік беретінін айтса, алаңдаушылық білдірушілер қауіпсіздік пен қоршаған ортаға ықтимал әсеріне назар аударады. Дәстүрлі электр станцияларының кейбірі атмосфераға парниктік газдар бөледі. Ал атом энергетикасы жұмыс барысында көмірқышқыл газын аз бөлетін энергия көздерінің қатарына жатады. Дегенмен станцияның қауіпсіздігі, радиоактивті қалдықтарды басқару және экологиялық талаптарды сақтау маңызды. Сонымен бірге болашақ АЭС үшін білікті мамандар даярлау қажет. Бұл бағытта отандық жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар мен колледждердің әлеуетін пайдалану, сондай-ақ шетелде кадрлардың біліктілігін арттыру көзделеді.
НҰРЛЫБЕК ТАҒАЕВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР
«Президент өз Жолдауында АЭС туралы айтып кетті. Атом станциясын салуымыз керек деді. Демек, оның барлық қиындықтарын, қауіпсіздік мәселелерін есептеп отыр. Сонымен қатар мамандар даярлауымыз керек. Көптеген маман дайындау қажет. Сол мамандықтарға өз университетіміздегі балаларды бағыттаудың пайдасы тиеді деп ойлаймын».