Негізгі Жаңалықтар ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Түркістанда балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт кешені ашылды. Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген жаңа нысанда жас спортшылар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және садақ атумен айналыса алады. Кешен ұлттық спортты дамытуға және өскелең ұрпақтың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.


Жаңа спорт ордасы бір мезетте емес, тұрақты түрде 300-ге жуық баланың жаттығуына жағдай жасайды. Мұнда тоғыз жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазақ күресі күш пен қайсарлықты шыңдаса, тоғызқұмалақ ойлау қабілетін дамытады. Ал асық ату мен садақ ату дәлдік пен ептілікті талап етеді. Осылайша, жас буын ұлттық спорт арқылы физикалық қабілетін жетілдіріп, ата-баба мұрасын бойына сіңіреді.


 ҚЫДЫРӘЛІ РЫСБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Мына ауылдың шетінде, мінекей, өте керекті нәрсе – ұлттық спорт кешені ашылып жатыр. Осындай игілікті істерді жүзеге асырып жатқан Президентіміздің саясаты арқасында. Осындай ізгі істер жүзеге асып, халық риза болып жатыр».


Жаңа кешен жергілікті бюджет есебінен салынған. Жобаның жалпы құны - 619,5 миллион теңге. Ғимараттың ауданы 820 шаршы метр болса, кешен орналасқан аумақ 0,7 гектарды құрайды. Ашылу салтанатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ұлттық спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.


ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Спорттың қай түрі болса да жақсы ғой. Ішінде негізгі нағыз ұлттық құндылықтарды дәріптеуіміз қажет. Ол – ұлттық спорт түрлері. Ол жөнінде Мемлекет басшысының өзі де күнделікті айтып отыр».«Ұлттық спорт болғаннан кейін баланы ұлттық рухқа тәрбиелеу керек. Ең бірінші баланың болашағына, қалыптасуына жұмыс жасау керек».


 Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту қарқын алған. Биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 миллиард теңге болатын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 5,4 миллиард теңгеге салынған 31 нысан пайдалануға берілген. Облыстағы 3 595 спорт нысанының 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Жаңа кешен де ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жол ашып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қызмет етпек.

Бөлісу