ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП ТҮРКІСТАНҒА 10 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛДІ
Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Қаражатты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы бөлген. Қазір осы қолдаудың арқасында өңірде аурухана, тұрғын үй және халықаралық университеттің жаңа оқу корпусы салынып жатыр.
Үш нысанның құрылысы Түркістан қаласы мен облысында қатар жүріп жатыр. Созақ ауданында 165 төсек-орынға арналған орталық аурухана бой көтеруде. Ғимараттың жалпы ауданы – 8 мың шаршы метр. Ал аудан орталығы Шолаққорған ауылында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 16 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Екі қабатты баспананың аумағы – 1 643 шаршы метр. Түркістан қаласында Woosong University Kazakhstan халықаралық IT-университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы да жалғасып жатыр.
АСХАТ ТАСЫБАЙ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
Ғимарат үш қабаттан тұрады. Құрылыс 2026 жылғы 1 қазанда басталды. Аяқталу мерзімі 2027 жылғы 30 қыркүйекке жоспарланған. Бірінші қабатта буфет, екінші қабатта спорт залы, ал жоғарғы қабаттарда аудиториялар мен кабинеттер орналасады. Аудиториялар мен кабинеттер саны мыңға жуық. Қазір арматура тоқу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысқа 35 жұмысшы жұмылдырылған.
Үш нысанның құрылысы – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа аурухана медициналық көмектің қолжетімділігін арттырса, тұрғын үй мұқтаж азаматтардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Ал заманауи оқу корпусы жастардың сапалы білім алуына жол ашады. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар Түркістан облысының дамуына серпін бермек.