Негізгі Жаңалықтар КИБЕРҚАУІПСІЗДІККЕ ТЫҢ ШЕШІМДЕР

КИБЕРҚАУІПСІЗДІККЕ ТЫҢ ШЕШІМДЕР

Интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары мен заңсыз онлайн ойындарға қарсы цифрлық шешімдер. Шымкентте SafeNet Hackathon хакатоны өтті. Shymkent Hub алаңында бас қосқан жастар киберқауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді шешуге арналған жобаларын ұсынды. Қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, интернеттегі қауіпті әрекеттерді анықтайтын тың идеяларын ортаға салды. Толығырақ тілші материалында.


 Жалған аккаунттарды анықтау, күмәнді сілтемелерді бұғаттау, қаржы пирамидалары мен онлайн-казино жарнамасына тосқауыл қою. Хакатон қатысушылары осы бағыттарда нақты шешімдер әзірлеуге кірісті. Басты міндет – IT саласындағы білімді тәжірибеде қолданып, цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге үлес қосу.


ТИМУР ҚОЗЫКЕЕВ, SHYMKENT HUB ДИРЕКТОРЫ
 Қазіргі таңда онлайн казино, одан басқа заңға қайшы ойын-сауық жобалары бар. Соларды тауып, автоматты түрде бұғаттайтын жобалар әзірленіп жатыр. Екінші жоба қаржы пирамидаларына қарсы бағытталған. Әлеуметтік желілерде «көп ақша табасың» деген ұсыныстар көп. Соларды анықтауға арналған жобалар бар.


Хакатонға қатысуға 100-ге жуық өтінім түсті. Іріктеуден өткен 12 команда өз жобаларын жетілдіріп, қазылар алқасына таныстырды. Олардың қатарында интернет-алаяқтықты анықтауға, күмәнді ұсыныстарды саралауға және заңсыз контентпен күресуге арналған цифрлық шешімдер бар.


КАМИЛХАН ИСМАИЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
 Жалпы, бүгінгі таңда бұл мәселе өте маңызды. Себебі, өздеріңіз білесіздер, жасанды интеллект дамып, цифрландыру қарқын алып жатыр. Сонымен бірге алаяқтар да осы мүмкіндіктерді заңсыз әрекеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып отыр.


Жастар ұсынған жобалардың бірі жасанды интеллект көмегімен күмәнді сайттар мен Telegram-арналардағы заңсыз ұсыныстарды анықтауға бағытталған. Қатысушылардың айтуынша, мұндай технологиялар интернеттегі алаяқтық схемаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.


ӘМІР КЕҢЕСБАЙ, ҚАТЫСУШЫ
 Бұрыннан IT саласына, жасанды интеллектке қызығатын едім. Біздің жобамыз сайттардағы алаяқтық схемаларды, қаржы пирамидаларын және Telegram-арналардағы жасырын онлайн-казиноны анықтауға бағытталған. Ол үшін жасанды интеллектіні пайдаланып, осындай ресурстарды зерттеп, табатын жүйе әзірлеп жатырмыз.


Хакатонның жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге. Үздік жобалар іріктеліп, қатысушылардың еңбегі бағаланады. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастардың технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, интернеттегі қауіп-қатерлерге қарсы тиімді құралдар жасауға жол ашады деп сенеді. Ал цифрлық қауіпсіздік үшін әр қолданушының да жауапкершілігі маңызды: күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді қорғау және оңай табыс ұсынатын күдікті хабарламаларға сенбеу қажет.

Бөлісу