МАРАФОНШЫЛАРДАН ИГІ БАСТАМА
Түркістанда марафоншылар жүгіріс алдында көшет отырғызды. Бесінші рет ұйымдастырылған ауқымды жарысқа 3 мыңға жуық спортшы жиналды. Олардың 300-ге жуығы шетелден келген. Биыл қатысушылар спорттық бәсекемен қатар, «Таза Қазақстан» акциясына да үлес қосты. Олар еккен әрбір көшет шаһардың жасыл желегін көбейтуге бағытталған.
Бірі жүгіруге дайындалса, енді бірі көшет отырғызуға кірісті. Марафоншылардың бұл бастамасы табиғатты қорғауға үндеп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Игі іске Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худяров та қосылды. Ол спортшылармен бірге тал егіп, қаланы көгалдандыруға үлес қосты.
ҒАЛЫМЖАН ХУДЯРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Қазақта “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген сөз бар. Осы мақалды ұстана отырып, марафоншылар келіп отыр. Осы талдарға “Түркістан марафоншылары” деген атау беріп жатырмыз».