ЖЕҢІС ЖОЛЫНДАҒЫ ЖІГЕР
Жапония төрінде топ жарған шымкенттік спортшылар елге олжалы оралды! V Азия пара ойындарының жүлдегерлері Ибрагим Нұрмаханұлы мен Айсұлтан Кулкаевты туған жерінде жанкүйерлері салтанатпен қарсы алды. Жеңіс, қуаныш, толқыныс! Әуежайда спортшыларды ерекше құрмет күтіп тұрды.
Қолдарында гүл, жүздерінде қуаныш. Жанкүйерлердің қошеметі мен жақындарының ыстық ықыласы жеңімпаздарға ерекше көңіл күй сыйлады. Мойындағы медаль – тынымсыз жаттығу мен табандылықтың жемісі. Ал жеңіс жолындағы ең үлкен сынның бірі – өзіңе деген сенімді жоғалтпау.
АЙСҰЛТАН КУЛКАЕВ, ПАРА ЖҮЗУ СПОРТШЫСЫ
Бәріміз пенде болған соң қобалжимыз. Старттың алдында кез келген адам уайымдайды. Қасыңда тұрып: «Сенің қолыңнан бәрі келеді, сен мықтысың. Олар да сен сияқты адам, олар да сенен қорқады. Сол үшін уайымдама. Суға түстің бе, болды, бәрін ұмыт та, осы дистанцияңды ойла», – дейді.
Әуежайда көк ту желбіреп, жанкүйерлер жеңімпаздардың есімін асқақтата атады. Қуаныштан көздеріне жас алған ата-аналар үшін бұл – ұмытылмас сәт. Ал спортшылар үшін елге медальмен оралу – жаңа белестерге бастайтын үлкен жеңіс.
ИБРАГИМ НҰРМАХАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАРАДЗЮДОШЫ
Бірінші қарсыласым Тайпей мемлекетінен болды. Оны ойка және асойка әдісімен жеңдім. Екінші қарсыласым ақтық сынға шыққаным үшін жапон палуаны болды. Ол өз жерінде күресіп жатқан соң, оған жеңіске жету оңай болды. Себебі әр адам өз жерінде күрессе, оған туған жері күш береді. Ол палуанды да ойка және асойка әдісімен жеңіп, финалға шықтым. Ақтық сында әлемнің үш дүркін чемпионы, өзбек палуанымен белдестім. Ең қиыны да осы болды. Себебі осыдан 20 күн бұрын әлем чемпионатында оған есемді жіберіп қойған едім. Сол есені қайтардым.
Жеңіс өздігінен келмейді. Оның артында күнделікті жаттығу, табандылық және жақындардың қолдауы тұр. Айсұлтанның спорттағы алғашқы қадамына себепкер болған да – анасы Гауһар Ергешова. Бүгінде ұлының халықаралық аренада топ жарғанын көрген ана үшін бұдан асқан қуаныш жоқ.
ГАУҺАР ЕРГЕШОВА, АЙСҰЛТАН КУЛКАЕВТІҢ АНАСЫ
Менің ұлымды жүзуге ең алғаш апарған кезімде кейде ана, кейде әпке деп еркелейді. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, өзін артқа тартты. Мен оған кез келген жеңіске адамда талпыныс болғанда ғана жетесің деп қолдау бердім.
Бүгін Ибрагим мен Айсұлтан – Шымкенттің мақтанышы. Олардың жеңісі спорттағы жетістікпен ғана өлшенбейді. Бұл – жігердің, қайсарлықтың және өз күшіне сенудің үлгісі. Алда жаңа жарыстар, жаңа мақсаттар бар. Ең бастысы, жеңіс жолындағы талпыныс тоқтамайды.