ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ТУЫ ТҮРКІСТАНДА
Әлемдік додаға жол Түркістан арқылы жалғасуда! Қалада 2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми туы қабылданды. Халықаралық спорттық бастаманың бір бөлігіне айналған «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық эстафетасы өңірдегі мәресіне жетті.
Ресми туды қабылдау рәсімі 25 қазан – Республика күнімен тұспа-тұс келді. Эстафетаның төртінші кезеңі Түркістан мен Шымкент қалаларын, сондай-ақ табиғаты ерекше Ақмешіт үңгірін қамтиды. Тудың халықаралық сапары биыл мамырда Лондонда басталған. Қазақстан әлем чемпионатын қабылдайтын келесі ел ретінде эстафетаны салтанатты түрде бастап берді.
ОРАЗБЕК БОЖБАНБАЕВ, АРДАГЕР БАПКЕР
Бұл іс-шараның ерекшелігі – Қазақстанда үстел теннисін дамыту. Мақсатымыз – үстел теннисін жоғары деңгейге жеткізу. Қазір ойыншыларымыз әлемдік додаларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.
Фестиваль алаңында спорт пен мәдениет тоғысты. Көрсетілім ойындары, шеберлік сабақтары, интерактивті сайыстар мен шығармашылық қойылымдар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал жас спортшылар кәсіби ойыншылардың шеберлігін тамашалап, өз мүмкіндіктерін сынады.
БАҚДӘУЛЕТ БАЛЫМБЕК, ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ЖҮЛДЕГЕР
Мен үстел теннисімен кішкентай кезімнен айналысамын. Бұл спорт маған өте ұнайды, қызықты. Қазақстанның жүлдегерімін, спорт шеберіне үміткермін. Үстел теннисі жігеріңді шыңдап, реакцияңды дамытады. Маған осы қасиеттері ұнайды.
НҰРГЕЛДІ БИМАХАН, ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
Үстел теннисінің арқасында оқуға түстім. Көптеген елді аралап, түрлі жерді көрдім. Жаттықтырушыларыма рақмет! Қазір елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Жаңа үстелдер қойылып, жаңа залдар ашылып жатыр.
Спортқа қызығатын балалар үшін фестивальдің маңызы зор. Олар үстел теннисінен бақ сынап қана қоймай, тәжірибелі спортшылармен кездесіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мұндай бастамалар жас таланттардың талабын ұштап, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.
ҒАЛЫМЖАН ХУДЯРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Бүгін әлем чемпионатының ресми туы Лондоннан басталған сапарын Өскемен, Көкшетау және Ақтөбе қалалары арқылы жалғастырып, қасиетті Түркістанға келіп жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен мәртебе.
«ROAD TO ASTANA 2027» эстафетасы – Қазақстанды әлемге танытатын ауқымды жоба. Ол еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтары мен табиғи байлығын дәріптейді. Түркістандағы кезең аяқталды. Енді ресми ту сапарын жалғастырып, 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына жетеді. Ал елордада әлемнің үздік үстел теннисшілері бас қосып, дүбірлі додада бақ сынайды.