Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ – ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ

ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ – ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ

Республика күніне орай академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жаңа оқу ғимараты ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бес қабатты ғимарат білім мен ғылымды, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ұштастыруға бағытталған.


Университет басшылығының айтуынша, жаңа нысан жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұнда магистранттар мен докторанттарды даярлауға, ғылыми-педагогикалық кадрлардың әлеуетін арттыруға және зерттеу жұмыстарын кеңейтуге жағдай жасалған. Қонаев даңғылының бойынан орын алған жаңа ғимарат білім мен ғылымды дамытуға үлес қоспақ.


РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
 «Осы ғимаратта академик Қуатбеков атындағы ҒЗО ашып жатырмыз. Ол кісіге арналған екі томдық кітап шығардық. Бакалаврларға «Қуатбековтану» деген пән береміз. Лингафон кабинеті ашылды».


 Салтанатты шараға мегаполистегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар білім ордасының игі бастамаларына қолдау білдірді.


ЖАМБЫЛ АЙМЕН, ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ
 «Бұған дейін үш оқу ғимараты бар еді. Бүгін тағы бір ғимарат қосылып отыр».


Университет ұжымы жаңа оқу ғимараты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бастамаларымен үндесетінін атап өтті. Алдағы уақытта оқу орнының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру жоспарланған. Мұнда студенттердің білім алуына, ғылыми ізденісіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына қажетті жағдай жасалған.


 АРУЖАН ЖҰМАШ, СТУДЕНТ
 «Мен ағылшын тілі мұғалімі мамандығында оқимын. Осы университетте білім алып жатқаныма мақтан тұтамын. Білім ордасындағы оқытушылар құрамы маған қатты ұнайды».


 «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын басшылыққа алған оқу орны негізін қалаушылардың мұрасын сақтап қана қоймай, оны заман талабына сай жаңғыртуға және жастарға сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық береді.


Бөлісу