Негізгі Жаңалықтар ҚОҚЫС ЖИНАҒАНДАР СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

ҚОҚЫС ЖИНАҒАНДАР СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Шымкент тазалықтың үлгісіне айналып келеді. Тұрғындар қоқыс тастау мәдениетін меңгеріп, қолындағы қалдықты арнайы жәшікке тастауды үйренген. Есесіне көше бойы мен өзен көл маңы мүнтаздай таза. Бұл «Таза Қазақстан» эко акциясының жемісі. Еліміз бойынша жалғасып келе жатқан игі іс-шара мегаполисте тоқтаған емес. Өткен сенбілікте Абай, Тұран және Әл-Фараби аудандарының аумағы қоқыстан тазартылып, Қошқар ата өзенінің бойы ретке келтірілді.  


 Қошқар ата өзенінің жағалауы мен оған іргелес аумақтарда тазалық жұмыстары Республика күніне орай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілді. Сенбілік іс-шараға Әл-Фараби және Тұран аудандарының коммуналдық тазалық қызметкерлері мен ерікті жастары, Экология департаментінің қызметкерлері қатысты.


Өзен жағалауында өткен тазалық жұмыстарына 470-ке жуық адам қатысып, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, өзен бойындағы ағаш бұталарды санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді.


Эко акцияны өткізуде Абай ауданы өзгеден ерекшеленді.  Іс-шара аумақтағы 27 елдімекенде ұйымдастырылып, оған үш жүзге жуық адам қатысты. Сондай-ақ белсенділерге арнап спорттық ойындар ұйымдастырылды. Қоқыс жинауға қатысқандар арқан тартысып, ләңгі тепті, сондай-ақ гір тасын көтергендер кім мықтыны анықтады.  


Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Игі бастамалар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, туған өлкенің көркеюіне септігін тигізеді.


Бөлісу