Негізгі Жаңалықтар МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды. Ауыл тұрғындары үшін есігін айқара ашқан рухани ордада енді түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, өнерпаздардың шығармашылығына жол ашылмақ. Жаңа нысанның ашылу салтанатына тілшіміз де қатысып қайтты.


СҰЛУХАН АБДУЛЛА, ТІЛШІ
Ауылдың рухани өмірінде мәдениет үйінің орны ерекше. Бұл — өнерге қызығатын жандардың бас қосып, қабілетін шыңдайтын маңызды орта. Бүгін Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында жаңа мәдениет үйі ашылып, тұрғындар үшін тағы бір маңызды нысан қолданысқа берілді.


 Жаңа нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі ауылдағы мәдениет саласын дамыту мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.


ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
 Мынау инфрақұрылым дейміз, әл-ауқат дейміз. Бірақ, ең маңыздылығы мынау халық үшін мәдениет екен. Біздің өңірдің, облыстың әкімінің қолдауымен, осы облыстың қаржысымен 1 жылдың ішінде осындай жақсы ғимарат салынды. Осындай қуаныштар бола берсін.


Жаңа Мәдениет үйінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасалған. Нысан ішінде кітапхана мен теннис ойнауға арналған алаң бар. Құрылыс жұмыстарының барысы мен нысанның ерекшеліктері туралы мердігердің өзі айтып берді.


 АСХАТ ҚАДЫРОВ, МЕРДІГЕР
 Сатып алу шарты аясында Бадам ауылында 250 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы толық аяқталды.


Жаңа мәдениет үйінің ашылуы ауыл тұрғындары үшін де ерекше қуаныш. Салтанатты шараға жиналған жұрттың қуанышын өздерінен сұрап білдік.


Мәдениет үйі – ауылдың рухани тірегі, өнер мен өнегенің ордасы. Бадамдықтар үшін есігін айқара ашқан жаңа нысан талай таланттың талабын ұштап, талай игі бастаманың бастауына айналсын деген тілек бар. Ал оның игілігін көру енді ауыл тұрғындарының еншісінде.



Бөлісу