ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ
25 қазан – Республика күніне орай облыстық дәстүрлі «Көшпенділер ойыны» ұлттық спорт жарысы өтті. Халқымыздың бай мұрасын дәріптеуді мақсат еткен сайысқа өңірдің 10 ауданынан келген командалар қатысты. Ұлттық мұра ұлықталған дода жайында Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.
Спортшылар қазақ күресі, мас-рестлинг, жамбы ату, аударыспақ, көкпардың жекелей түрі, арқан тарту және қошқар көтеру бойынша бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Төлеби ауданының командасы жеңімпаз атанып, бірінші орын иеленді. Бәйдібек ауданы екінші орынға тұрақтаса, Сарыағаш ауданы үздік үштікті түйіндеді. Додада сен тұр, мен атайындар сынға түсті.
БАТЫР БЕКСАУЫТ, СПОРТШЫ
– «2018 жылдан бері жамбы ату спортымен айналысамын. Үш дүркін әлем чемпионы атанғанмын. ДКО чемпионымын.» «Жарыс жақсы, қызу өтіп жатыр.»
БАУЫРЖАН ӘБДІҚАЙЫМ, СПОРТШЫ
– «Мен қошқар көтеремін. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан рекордын орнатқан болатынмын.»
Ұлттық дәстүр мен спорттық шеберлікті тоғыстырған дүбірлі дода бәсекеге толы болды. Жарыс ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, ата-баба мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға жол ашады.
АМАЛБЕК ӨМІРТАЙ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Жарыстың біздің Төлеби ауданында өтіп жатуының себебі аудан жастары ДКО толағай жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатқан болатын.»
Жарыс қорытындысына сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок медальдармен марапатталды.