ТҮЛКІБАСТА ТӨРТ ЖАҢА КІТАП ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Түлкібас ауданында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында төрт жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жинақтарда Абайдың даналығы, Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі, сондай-ақ өңірдің тарихы мен спорттағы жетістіктері қамтылған.
Оқырманға ұсынылған төрт еңбек мазмұны жағынан әртүрлі болғанымен, ортақ мұраты бір. Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары сөйлеген сөздері, мақалалары мен ой-тұжырымдары жинақталған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы таныстырылды. Сондай-ақ «Абай даналығы» атты танымдық энциклопедияның тұсауы кесілді. Кітапта ұлы ақынның «Қара сөздеріндегі» тағылымды ойлар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде берілген. Жинақта 200-ден астам қылқалам шеберінің туындысы ұсынылған.
СӘТБАЙ ҚАСЫМБЕК, ТҮЛКІБАС АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Осы кітаптардың ішіндегі ең маңыздысы – Мемлекет басшысы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы. Бұл еңбектің тұсаукесері Астана мен Алматыда өтті. Бүгін Түлкібас ауданында таныстырылып жатыр. Кітапта Мемлекет басшысының жеті жылдық президенттік кезеңде сөйлеген сөздері жинақталған.
Ұлт руханиятындағы тағы бір маңызды тұлға – Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Жазушы-журналист Бекет Момынқұлдың «Момышұлы әлемі» атты зерттеу еңбегінде батырдың өмірі мен өнегесі зерделеніп, көпшілікке беймәлім деректер қамтылған. Кітап тарихи тұлғаның болмысын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
БЕКЕТ МОМЫНҚҰЛ, ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ
Ең көп жазылған кейіпкер – Бауыржан. Ақын да, жазушы да жазды, кинода да түсірілді. Бірақ айтылмаған әлі біраз әңгіме бар. Қазір біз солармен айналысып жатырмыз. Сол қызметтің нәтижесі – бүгін сіздерге таныстырып отырған «Момышұлы әлемі» атты кітап.
Ал «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты жастар шығармаларының жинағына республикалық шығармашылық байқаудың үздік туындылары енген. Кітап таныстырылымында өңірдің спорт шежіресі де назардан тыс қалмады. «Түркібасының спорт мақтаныштары» кітабында ауданның спорт тарихы мен ел мерейін асқақтатқан спортшылардың өмір жолы жинақталған.