Негізгі Жаңалықтар КӨК БАЙРАҚ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ

КӨК БАЙРАҚ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ

Түркістанда Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көк байрақ көкке көтеріліп, елдіктің ең басты нышанына құрмет көрсетілді. Мерекелік жиында ұлттық бірлік, тәуелсіздік құндылықтары мен отаншылдықтың маңызы дәріптелді.


Көк Ту – тәуелсіздіктің белгісі, елдіктің айғағы. Республика күні Түркістан төрінде көк байрақ көтеріліп, салтанатты рәсімге жиналған жұртшылық мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетті.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Әнұран асқақтап, көк Ту биікте желбіреген сәтте алаңға жиналған жұртшылықтың мерекелік көңіл күйі ерекше сезілді. Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тарихи датаның мән-маңызына тоқталды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Құнды құжатта Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері, ел аумағының тұтастығы жарияланып, бұл егемендікке жол ашқан маңызды қадам болды.


Республика күніне арналған салтанатты рәсім Түркістан жұртшылығына ортақ мерекелік рух сыйлады. Көк байрақ астына жиналған қауым ел тәуелсіздігін қадірлеу мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады.


 БАБАЙ АЛДАБЕРГЕНОВ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ
25 қазан Республика күні ата-бабамыздың, бәріміздің аңсаған мерекеміз. Түркістан халқын, қонақтарын осы мерекемен құттықтаймын.


Шара барысында патриоттық әндер орындалып, мерекенің мазмұны одан әрі айшықталды. Жастар мен қала тұрғындары мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, тарихи мұраны сақтау және ел болашағына жауапкершілікпен қарау – ортақ міндет екенін атап өтті.

Бөлісу