Негізгі Жаңалықтар 10 ЖАСТАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

10 ЖАСТАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

10 жастағы шымкенттік спортшының 100-ден аса медалі, 4 чемпиондық белбеуі бар. Джиу-джитсумен 5 жылдан бері шұғылданатын Арсен Берік – екі дүркін әлем және Азия чемпионы. Жуырда ғана Грузия елінде топ жарып, тағы да әлем үздігі атанды. Жас талантпен арна тілшісі тілдесіп қайтқан еді. Сюжет көрейік.

Он жастағы Арсен Берік джиу-джитсудан екі дүркін әлем және Азия чемпионы. Жуырда Тбилисиде өткен жаһандық турнирдің жеңімпазы. Халықаралық сайыстарда қарсылас шақ келтірмеген ол Грузия елінде өткен «үздіктер» турниріне шақырту алған. 5 бірдей қарсыласын қапы қалдырып, суперфиналда Украина елінің мықтысын тізе бүктірген. Ел әнұранын әуелеткен ұлан турнир үздігі атанып, арнайы белбеу мен жеңімпаз жүзігін жеңіп алды.

 АРСЕН БЕРІК, СПОРТШЫ
 – «Суперфиналда украиналықты 6:0 есебімен ұттым. Маған джиу-джитсу ұнайды. Физикалық және психологиялық тұрғыда мықты болуды үйретті.»  «Мен бұған дейін екі рет чемпион болдым. Жаттығуды әрі қарай жалғастырып, ересектер арасында да чемпион болғым келеді.»

Жеңіс өздігінен келмейді. Оның артында тынымсыз жаттығу мен табандылық тұр. Арсеннің талабы биік, ұстанымы берік. Жеке бапкері Жақсылық Садықовтың айтуынша, жас өрен берілген тапсырманы тиянақты орындайды. Жаттығулардан қалмай, өзін ұдайы дамытып келеді.

ЖАҚСЫЛЫҚ САДЫҚОВ, А. БЕРІКТІҢ ЖЕКЕ БАПКЕРІ
 «Мінезі өте ұстамды. Спортқа деген ынтасы жоғары.»  «10 жастағы балада қазір 100-ге жуық медаль, 4 белбеу бар.»

Кейіпкеріміз джиу-джитсумен бес жылдан бері тұрақты шұғылданады. Осы аралықта жеткен жетістігі орасан. Бірақ ол мұнымен шектелгісі келмейді. Алда оны кезекті әлем чемпионаты күтіп тұр.

Бөлісу