ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУ
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және отбасының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Күзгі шабыт – Жаңа мүмкіндіктер» атты іс-шара ұйымдастырылды. Кездесу аясында кәсіпкер әйелдердің өнімдері ұсынылып, мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушылар әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды.
«Күзгі шабыт – Жаңа мүмкіндіктер» іс-шарасы — әйелдердің іскерлік белсенділігін арттыруға, әлеуметтік қолдау мүмкіндіктерін таныстыруға және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастама. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау мен отбасы қауіпсіздігі мәселелерін бір алаңда қарастыру азаматтардың қажетті ақпарат алуына және қолданыстағы қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына ықпал етеді.
МЕРУЕРТ ТҰТҚЫШБАЕВА, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі іс-шараның аясында кәсіпкер әйелдерге және кәсібін бастап өрлеткісі келетіндерге арналған кеңес беру орталықтары ашылған. Сондай-ақ, отбасын қолдау орталықтарының және жұмыспен қамту мәселелері жөнінде мамандарды шақырғанбыз. Осы орталықтар кеңесші рөлін атқаратын болады. Сонымен қатар, мемлекеттен қолдау алып, кәсіпкерлігін бастаған әйелдердің жәрмеңкесін ұйымдастырдық
Абай ауданы әкімінің аппараты мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырған іс-шараның негізгі бағыттарының бірі әйелдер кәсіпкерлігінің жәрмеңкесі. Мұнда қолөнер бұйымдары, тоқыма өнімдері, әшекейлер, кондитерлік өнімдер, ұлттық нақыштағы заттар мен өзге де тауарлар ұсынылды. Бұл кәсіпкерлер үшін өнімін көпшілікке таныстырып қана қоймай, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
ФАРИДА БАҚЫБАЕВА, АБАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Іс-шараға 20 шақты кәсіпкер әйелді шақырып отырмыз. Бұл әйелдер кезінде 400 АЕК грантын алған, «Атамекен» жобаларының жеңімпаздары бар. Зергерлік бұйымдар, қолөнер, құрақ көрпелер, кептірілген жемістер шығаратын кәсіпкер әйелдер.
Кездесу форматында өткен жиын әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысушылардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, тиісті бағыттар бойынша кеңес ұсынды. Мұндай кездесулер кәсіпкер әйелдердің әлеуетін кеңейтіп, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешуге жол ашады.