МҰҒАЛІМДЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ
Медицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, мұғалімдердің мәртебесі артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға қатысты бірқатар маңызды міндетті айқындады.
Елімізде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 1,7 миллионнан астам бала мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған. Дегенмен Президент ұстаздарға деген құрметті арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ата-аналар мен оқушылардың мұғалімдерге деген көзқарасы мен қарым-қатынасына ерекше мән берілді.
БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Шындығында, білім беру саласындағы сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесі… Соның ішінде ұстаздарға деген құрметтің болуы, әсіресе мектептегі мұғалімдерге ата-аналар тарапынан кейде дұрыс емес іс-әрекеттер жасалып жатқаны туралы Мемлекет басшысы арнайы айтып, ұстаздардың мәртебесін көтеру керек дегенді айтты.
Білім мен ғылым – ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан жас ұрпақтың заманауи білім алуына жағдай жасау, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды меңгерту білім беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды міндеттердің қатарында.
РАМАЗАН БЕКСЕЙІТ, СТУДЕНТ
Жасанды интеллект дамып жатқан қоғамда стратегиялық мақсатымыз ретінде жастарды отаншыл етіп, әдеп нормаларын қалыптастыруға байланысты дұрыс тәрбие беру керектігі айтылды. Мектепте мұғалімдерге құрмет көрсету мәселесін Президент ашық атап өтті.
Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы да кеңейеді. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлерде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан бой көтереді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларға арналған оңалту орталықтары бар.
БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Бұл деген сөз – мемлекетіміз ана мен бала өмірін қорғау, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезініп отырғанын көрсетеді. Осындай орталықтың Шымкент қаласында да салынатыны туралы ақпарат көңілімізден шықты.
Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында учаскелік қызмет мамандарының жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады. Бұл өсім 77 мыңнан астам маманды қамтиды. Алдағы уақытта ауылдық медицина мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін қаржыландыру көлемі ұлғайып, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігі кеңейтіледі.