ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТЕР САНЫ 23,3% ӨСТІ
Туристер саны артты, жаңа қонақүйлер ашылды. Заңсыз құрылысқа тосқауыл қойылып, қала дамуының басым бағыттары айқындалды. Шымкентте басқармалар биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Баспасөз мәслихаттарында туризмді дамыту, құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуы және қалалық инфрақұрылымды жаңарту мәселелері көтерілді.
Шымкент туристер үшін тартымды қалаға айналып келеді. Биыл алғашқы алты айда мегаполиске 299 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 281 мыңнан астамы – отандық, 18 мыңнан астамы – шетелдік турист. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3 пайызға көп. Қалада туристерге арналған инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Биыл бес қонақүй пайдалануға берілсе, тағы сегізінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар тарихи орындарды абаттандыру, туристік бағыттарды цифрландыру және халықаралық байланысты нығайту жұмыстары қолға алынған.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалпы қазіргі таңда 2026 жылы 5 қонақ үй ашылып, өз жұмысын бастап кетсе, 8 қонақ үйдің жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Хилтон қонақ үйі әлемге әйгілі және Навотель қонақ үйлері. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Сайрам тұрғын ауданында орналасқан туристік нысандарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Біршама жұмыстар да аяқталды.
Құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуы да жіті бақылауда. Биыл тоғыз айда жүргізілген мониторинг нәтижесінде 291 нысанға қатысты материалдар тиісті шара қабылдау үшін бақылаушы органға жолданған. Заңсыз құрылысқа байланысты 74 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ талаптарды бұзған 55 нысанды бұзу туралы сотқа талап-арыз берілген. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Онда көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар санын арттыру мәселелері де қамтылған.
ӘЛІМЖАН ІЛЕСБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасында бекітілген штаттық құрылымға сәйкес 24 мемлекеттік қызметкерлер бірлігі қарастырылған. Жалпы басқармада басқарма тарапынан 9 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ басқарма тарапынан мемлекеттік қызметтер 2026 жылдың 9 айында, жалпы 33 279 өтінімдер қаралды.
Тоғыз айдың қорытындысы қала дамуының бірнеше бағытын қамтыды. Бір жағынан, туристерге қолайлы жағдай жасалып, қонақүй қоры ұлғайып келеді. Екінші жағынан, заңсыз құрылысқа қатысты шаралар қабылданып, қаланың бас жоспарын жетілдіру жұмыстары жалғасуда.