Негізгі Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ 200 МЫҢНАН АСТЫ

ТҮРКІСТАНДА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ 200 МЫҢНАН АСТЫ

Түркістан облысында шағын және орта бизнес өкілдері, инвесторлар мен мемлекеттік мекеме басшылары бас қосты. Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылған форумда өңірдегі бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржыландыру, инфрақұрылым тарту, салық саясаты және әкімшілік кедергілерді азайту жолдары қаралды.


Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 200 мыңнан асты. Кәсіпкерліктің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында соңғы екі жылда 12 индустриялық аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жетті. Бұл – өңірде жаңа өндірістер ашып, бизнесті өркендетуге бағытталған жұмыстың нәтижесі.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау – өңір экономикасының дамуына, бюджет кірісінің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына қосылған үлес. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету. Сіздердің жетістіктеріңіз – Түркістанның жетістігі, табыстарыңыз – өңір экономикасының табысы.


Форумға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков те қатысты. Ол кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, отандық бизнесті қолдау, өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тартудың маңызын атап өтті.


 БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ
2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі өнімдегі үлесі 41 пайызға жетіп, экономикаға қосқан үлесі 65,2 триллион теңгені құрады. Ал 2026 жылғы қазанда елімізде 1,9 миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп келеді. Үкімет бизнестің қаржыға қолжетімділігін де арттырып келеді. «Бәйтерек» холдингі арқылы 2025 жылдың өзінде 10,4 триллион теңгеге қолдау шаралары көрсетілді. Ал 2026 жылдың бүгінгі күнге дейін 8 триллион теңге бағытталып үлгерді.


Форумда кәсіпкерлер өз өнімдерін де таныстырды. Көрмеге трансформатор өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, жүгеріні терең өңдеу және азық-түлік шығару бағытындағы жобалар қойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген азаматтар марапатталды. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Бөлісу