43 ҚАБЫЛДАУШЫ ОТБАСЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Балаға отбасының жылуын сыйлап, мейірім мен қамқорлық таныту – үлкен жауапкершілік. Шымкентте Бала асырап алу ұлттық агенттігінің 10 жылдығы мен Қамқоршы күніне орай қабылдаушы отбасыларға құрмет көрсетілді. Салтанатты шарада 43 отбасы марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл бастаманың маңызы мен шараның өту барысын тілшіміз тарқатады.
Бала асырап алу ұлттық агенттігі он жыл ішінде еліміз бойынша 2 273 баланың отбасына орналасуына көмектескен. Осы уақыт аралығында 1 536 қазақстандық отбасы баланы тәрбиесіне қабылдаса, 24 мыңнан астам адам отбасына бала қабылдау мәселесі бойынша кеңес алған. Ал Шымкенттегі агенттік өкілдігі 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде өңірде 95 бала отбасына орналастырылған.
ҚАЛДАР ТҮНТЕКОВА, АНА ҮЙІ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ӨКІЛІ
Балаларды асырап алу үшін немесе қамқорлыққа алу үшін бірінші кезекте жаңағыдай қабылдаушы ата-аналарды даярлау мектебінен өту керек. Міндетті түрде. Сертификат алғаннан кейін қажетті құжаттардың тізімі мен сол құжаттарды өткізу керек. Жаңағы қорғанысы бөліміне. Оны қазір егов арқылы өткізуге болады. Ол жөнінде біз кеңес береміз.
Аналар үйі қоғамдық қорымен бірлесе жұмыс атқарып жатқандар да бар. 10 жылдық мерейтойларына атүсті қарамай, балаларға мерекелік демалыс ұйымдастырылып жатыр.
АЙГҮЛ ҚАНАТҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ПСИХОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы 14 пен 35 жас аралығында жастармен қызмет атқарғандықтан, біз осы аналар үйі, кәмелетке толмағандар үйі, зорлық-зомбылық орталықтарымен бірлесе отырып, айына міндетті түрде семинар тренингтер, бірлескен жоспарларға сай жұмыстар және де жеке қабылдаулар ұйымдастырып отырамыз.
Бала асырап алу ұлттық агенттігінің 10 жылдық мерейтойына демеуші болғанына қуанатындар да жоқ емес. Солардың бірі- Дана Мұқағалиқызы. Ол ұжымның жұмысына жоғары баға беретінін айтты.
ДАНА МҰҚАҒАЛИҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР
Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Бұл ұжымның күнделікті жұмысын атап өту керек. Сол себепті бүгінгі іс-шараға өзімнің үлесімді қосуға ниет еттім.
Бүгінде Қазақстандағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде 3 800-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың әрқайсысы үшін отбасының жылуы мен ата-ана мейірімі аса маңызды. Ал бүгінгі марапат – сол балаларға өз шаңырағының есігін айқара ашқан жандарға көрсетілген құрмет. Өйткені балаға берілетін ең үлкен сыйлық – отбасындағы шартсыз махаббат.