БІРЛІК БОЛМАЙ ТІРЛІК БОЛМАС
Мемлекет басшысы Жолдауында көші-қон саясаты мен отандық бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент бақылаусыз көші-қон ағындарының ел қауіпсіздігіне әсерін ескертіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, инвестиция тарту кезінде ұлттық бизнестің мүддесін ескеруді тапсырды.
Жаңа кәсіпорындар ашылғанда, жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарының мүддесі ескерусіз қалмауы тиіс. Мемлекет басшысы инвесторларды тарту барысында әр өңірдің ерекшелігі мен әр саланың әлеуетін мұқият зерделеуді міндеттеді. Өйткені әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейген. Мұндай жағдайда жедел шешім қабылдап, отандық кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру маңызды.
ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫ
Оның ішінде біз шетелдің компанияларына жеңілдіктер беріп, өзіміздің отандық компанияларды дұрыс емес жағдайға қоятынымызды дұрыс айтты. Соның бәрін Президент әлеуметтік желіден көріп отыр. Соған байланысты нақты тапсырмалар берді.
Жолдауда қоғамдық келісім мен ел ішіндегі тұрақтылықтың маңызы да айрықша аталды. Президенттің айтуынша, бақылаусыз әрі жүйесіз көші-қон бірқатар елдің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан бұл бағытта нақты саясат пен жүйелі бақылау қажет.
БЕКМҰРАТ НАЙМАНБАЕВ, ПРОФЕССОР, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Қазіргі әлемде болып жатқан тұрақсыздық, мемлекеттердің арасында болып жатқан бір-біріне деген алакөздік, жалған ақпараттар толып кетті әлемде. Олардың ара-жігін ажырату керек. Миграция мәселесі де өзекті. Сириядағы соғыстан кейін Испания, Греция, Франция мигранттарға толы.
Бірлік пен өзара сенім – тұрақты дамудың басты тірегі. Қазір әлемде мемлекеттер арасындағы текетірес пен ақпараттық қайшылықтар күшейіп, алпауыт елдердің өзара сенімі әлсіреген. Осындай күрделі кезеңде қоғамның татулығын сақтау, ортақ мақсат жолында жұмылу ел дамуының маңызды шарты болып қала береді.