Негізгі Жаңалықтар ЗАМАНАУИ КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ЗАМАНАУИ КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндікке жол ашылды. Кәсіпкерлер күніне орай өңірде заманауи көрме орталығы пайдалануға берілді. Жаңа нысан Түркістан қаласына іргелес Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында орналасқан. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков қатысты.


 Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 4428 шаршы метр. Мұнда кең көрме залы, конференц-зал, кеңселер, кофехана мен асхана орналасқан. Сондай-ақ көлемі 358,5 шаршы метр болатын LED-экран орнатылған. Енді кәсіпкерлер өз өнімдерін осы алаңда таныстырып, отандық және шетелдік әріптестермен байланыс орната алады.


 АСЛАН ИБАДУЛЛАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Тұспа-тұс келіп жатыр. Мынау Түркістан көрмесі ашылып жатыр. Өндірістік парк аймағында. Бұл Түркістан облысы үшін өте ерекше жағдай. Бұл деген көрмеміз бар енді. Түрлі халықаралық деңгейде кәсіпорындарды көрсетсек болады. Жергілікті үлесті қосу бойынша кәсіпкерлер бір-бірін тану үшін осы алаң пайдалануға берілді.


Жаңа орталықтың ашылуымен қатар өңірлік тәжірибе алмасу алаңы да ұйымдастырылды. Форумға еліміздің өзге облыстарынан келген делегациялар Түркістанда өндірілетін тауарлармен танысты. Сондай-ақ қонақтар «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын көріп, шағын өндірістік парктерді құру және олардың жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін зерделейді.


 ЕРБОЛ САДЫР, АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Біз Абай облысынан аудан әкімдерін, басқарма басшыларын, бизнес өкілдерін осында алып келдік. Таныстырдық, Сауран ауданына барып индустриялық паркпен таныстық. Сондағы жасалып жатқан жобалар кәсіпкерлердің есебінен жүзеге асырылып, мемлекет тарапынан жері мен инфрақұрылымы беріліп, одан кейін жеңілдетілген несиелер ұсынылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша арзандатылған несиелер берілген. Мұның барлығы кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау.


 Көрмеде ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және жоғары технологиялар саласындағы отандық өнімдер таныстырылды. Трансформатор өндірісінен бастап, түрлі өндірістік жобаларға дейінгі бастамалар өңір кәсіпкерлерінің мүмкіндігін көрсетті. Жаңа көрме орталығы алдағы уақытта іскерлік байланыстарды нығайтып, отандық өнімдерді кеңінен танытуға қызмет етпек.

Бөлісу