Негізгі Жаңалықтар ТАЗАЛЫҚ – ТАҒЗЫМНАН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ – ТАҒЗЫМНАН БАСТАЛАДЫ

Ордабасы ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұлы тұлғаларға құрмет көрсетілді. Игі бастама Қажымұқан ауылындағы әйгілі балуанның музейі мен кесенесі аумағында ұйымдастырылды. Оған 500-ден астам адам қатысып, тазалық және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.


Тазалық – тағзымнан басталады. Қажымұқан ауылына жиналған жұрт ұлы балуанның есімін ұлықтап қана қоймай, музей мен кесене аумағын абаттандыруға атсалысты. Ауданның Құрметті азаматтары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, жастар мен еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, ескерткіштер маңын ретке келтірді.


ӘДІЛЕТ ӘБУХАЙЫР, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда біз 60-қа жуық жастарды  ұйымдастырып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында еңбек етіп жатырмыз. Бұл бір күндік акция емес, біз әр сенбі күндері жастардың басын қосып іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз


Экологиялық акция аясында музей маңына 520 түп ағаш көшеті отырғызылып, 50 түп ағаш әктелді. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасов кесенесінің айналасындағы шөп шабылып, қоршауы сырланды. Сенбілік соңында аудан әкімі бастаған азаматтар мен қоғам өкілдері ұлы балуанның кесенесіне барып, рухына Құран бағыштады.


 САЛАТАНАТ АЛИБАЕВА, ТЕМІРЛАН АББАТТАНДЫРУ КММ БАСШЫСЫ
Мұнда бүкіл ауданның бөлімдері, мекемелер және облыстық басқарма қызметкерлері қатысып жатыр. Кесене айналасына 500-ден аса шаған көшетін және қылқан жапырақты тал егеміз. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жасап жатырмыз.


Айта кетейік, экологиялық бастама аудан көлемінде де жалғасын тапты. Жалпы тазалық жұмыстарына 1 500-ден астам адам қатысып, 44 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылып, 50 ескерткіштің маңы тазартылды. Бұдан бөлек, аудан бойынша 1 520 түп ағаш отырғызылып, 200 түп ағаш әктелді. Бұл – тарихи мұраға құрмет пен туған жердің тазалығына деген жауапкершілікті ұштастырған ортақ іс.

Бөлісу