ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы мен Қуаныш Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы мәресіне таяды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков BAZIS-A халықаралық құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичпен кездесіп, жобаның аяқталу барысын талқылады.
Жолайрықтың негізгі бөлігі пайдалануға берілді. Қазір эстакада арқылы көлік қозғалысы толық ашық. Ал төменгі деңгейде айналма қозғалыс ұйымдастырылып, жерасты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала әкімімен кездесуде тараптар жобаның қорытынды кезеңін пысықтап, нысанды толық пайдалануға беру мерзімін талқылады. Сондай-ақ инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы өзге де бірлескен жобалар сөз болды. Кездесу қорытындысында Ғабит Сыздықбеков құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.