«АЛТЫН КҮЗ» ЖӘРМЕҢКЕСІ: ШЫМКЕНТТЕГІ САУДА МЕРЕКЕСІ
Шымкентте күзгі молшылықты дәріптеген «Алтын күз» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. FOOD CITY сауда орталығындағы үш күнге созылған шарада тұрғындарға түрлі азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтыну тауарлары ұсынылды. Сауда алаңына еліміздің бірнеше өңірінен және шетелден жеткізілген өнімдер қойылып, келушілер тиімді бағамен сауда жасауға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкенің сауда қатарларында күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік өнімдерінің түр-түрі ұсынылды. Көкөніс пен жеміс-жидектен бастап, тәттілер мен өзге де тауарларға дейінгі өнімдер келушілер назарына қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты ерекшелігі – өнімдердің мол таңдауы мен тиімді сауда мүмкіндігі. Мұнда тұрғындар қажетті тауарларын бір жерден сатып алып, отбасылық бюджетін үнемдеуге мүмкіндік алды.
ГҮЛМИРА ПЕРНЕБАЕВА, САУДАГЕР
Мысалыға мына Түлкібастан алма келіп жатыр. Бәрін арзан бағада ұсынып жатырмыз. Халық өте риза. Жүзімдер өте арзан, пияз, картоп арзан. Өнімдердің сапасы керемет болып жатыр.
Үш күнге созылған шараға келушілердің қызығушылығы жоғары болды. Бірі күнделікті қажетті азық-түлігін алуға келсе, енді бірі маусымдық өнімдердің бағасы мен сапасын салыстырып, өзіне қажетті тауарларды таңдады. Мұндай сауда алаңдары тұтынушыларға тиімді ұсыныстарды пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сауда-саттықтың жандануына да ықпал етеді.
ҚАРАҚАТ ЮЛДАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен қаладан келдім. Көрейін бағаларын, базарды деп. Бәрі жақсы екен. Жақсы күтіп алып жатыр. Бағалары да арзан жақсы екен.
Жәрмеңке тек сауда-саттықпен шектелген жоқ. Ұйымдастырушылар келушілерге арнап мәдени-ойын-сауық бағдарламасын да ұсынды. Шара аясында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Тұрғындар бір жағынан қажетті өнімдерін тиімді бағамен сатып алса, екінші жағынан концерттік бағдарламаны тамашалап, демалысын мазмұнды өткізуге мүмкіндік алды.