Негізгі Жаңалықтар АТАКЕНТТЕ КӨПІР АШЫЛДЫ

АТАКЕНТТЕ КӨПІР АШЫЛДЫ

Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде көпір құрылысы аяқталып, көлік қозғалысына жол ашылды. А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы өткелге асфальт төселіп, жүргізушілерге пайдалануға берілді. Енді тұрғындар үшін қатынас әлдеқайда қолайлы болмақ.

Көпір мәселесі бұған дейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Мақтаарал ауданы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген еді. Тұрғындардың өтінішін ескерген облыс басшысы жауапты мекеме өкілдеріне нысанды қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырған.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Оны біз кезінде  Каз автожол теңгерімінде қаржы бөлдірген болатынбыз. Асфальт салу жұмыстарын бастаймыз жылдың аяғына дейін

Тапсырмаға сәйкес, құрылыс қарқыны күшейтілді. Нәтижесінде асфальт төсеу жұмыстары небәрі үш күнде аяқталды. Айта кетейік, А-15 тасжолының 2-шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Ұзындығы 25,4 метр, ені 9 метр болатын нысанның жалпы құны – 358 миллион теңге.

 ЫБАЙ ӘБІЛДАЕВ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Әдемі болып шығыпты. Көпшілікке қолайлы боп жолым жақын болып қалды.

Қазір көпір арқылы автокөліктердің қозғалысы ашық. Ал нысандағы қалған жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Жаңартылған өткел Атакент кенті мен іргелес елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Бөлісу