СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАУДА
Шымкентте су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қаладағы тіршілік нәрінің үздіксіз берілуі мен су нысандарының тұрақты жұмысы – басты назарда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар су қабылдағыш пен инфрақұрылым нысандарын аралап, олардың техникалық жағдайымен танысты. Сондай-ақ жол құрылысының барысын тексерді.
Қаладағы су жүйесінің әлеуеті қандай? Нысандардың техникалық жағдайы талапқа сай ма? Қала әкімі жұмыс сапары барысында осы мәселелерге назар аударды. Алдымен Мирас тұрғын алабындағы «Тассай-1» және «Тассай-2» су жинау нысандарының жұмысы тексерілді. Олар коммуналдық меншікке берілмек. Сондықтан нысандардың техникалық жай-күйі мен өндірістік мүмкіндіктері пысықталды. Одан кейін 1977 жылдан бері шаһарды ауызсумен қамтып келе жатқан «Ақбай-Қарасу» су қабылдағышының жұмысы бағаланды. Мұнда 46 ұңғыма бар. Нысанның жобалық қуаты тәулігіне 206 мың текше метр суды құрайды. Жұмыс сапары барысында жол инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. Ұзындығы 4,7 шақырым болатын Исраилов көшесін қайта құру жұмыстары тексерілді. Қазір мұнда жол кеңейтіліп, асфальтбетон жабыны төселіп жатыр. Ал Еңбекші ауданындағы «Бадам-Сайрам» су нысаны 1968 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда 25 ұңғыма тәулігіне 110 мың текше метр су өндіреді. Сонымен қатар көлемі 6 мың текше метр болатын таза су резервуары бар. Аралау қорытындысында жауапты басқармаға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, су нысандарының қауіпсіздігін күшейту, үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және өндірістік үдерістерді цифрландыру міндеттелді.