ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ БАҚЫЛАУДА
Өндіріс дамыған сайын экологиялық жауапкершілік те арта түседі. Әсіресе, қоршаған ортаға әсері бар кәсіпорындарда талаптардың сақталуы маңызды. Шымкентте осы бағытта бірқатар өндіріс орнына баспасөз туры ұйымдастырылды. Журналистер кәсіпорындардың жұмысымен танысып, экологиялық шаралардың жүзеге асу барысын көрді.
Баспасөз турының алғашқы аялдамасы – «Sin Yuan Steel» серіктестігі. Мұнда журналистер өндіріс процесін көзбен көріп, экологиялық талаптардың орындалуымен танысты. Қалада соңғы жылдары тұрғындардан түнгі уақытта шығатын жағымсыз иіс пен химиялық иіске қатысты шағымдар жиілеген. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, кәсіпорындарға мониторинг жүргізіліп жатыр.
ГҮЛНАР ЕРМЕКБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Қала әкімінің тапсырмасымен, өкімімен жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс топтың құрамына біздің басқарма кіреді. Осы соңғы бірнеше жылдар қала тұрғындарынан қайта-қайта арыздар түсіп жатыр. Түнгі иіске, жаңағы химиялық иіске осыған байланысты әкімнің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, кәсіпорындарға мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бақылау күндізгі уақытпен шектелмейді. Мамандар түнгі тексерістерге де шығып, зертханалық өлшеулер жүргізіп жатыр. Бұл тұрғындар шағымының себебін анықтап, кәсіпорындардағы экологиялық ахуалға нақты баға беруге мүмкіндік береді.
ГҮЛНАР ЕРМЕКБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Түнгі тексерістер шығып жатыр лаборатория біздің жұмыс тобының құрамында лаборатория бар. Зерттеу жұмыстары өлшеулер алып, жүргізіп жатыр.
Баспасөз туры бұдан әрі «Polymettech» серіктестігінде жалғасты. Кәсіпорында Жезқазған мен Балқаштан жеткізілетін өндірістік шаң арнайы өңдеуден өтіп, одан қорғасын құймалары өндіріледі. Экология департаментінің басшысы өндіріс технологиясын таныстырып, кәсіпорын жұмысының ерекшеліктерін түсіндірді.
ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің бүгінгі келіп отырған объектіміз Полиметех ЖШС деп аталады. Мұнда қорғасын құймаларын өндіреді. Оның негізгі принциптері мынау Жезқазғаннан, Балқаштан мыс өндіру кен орындарынан алып келетін мұнда шаң бар. Сол шаңды балқытып, сол жерден қорғасын өндіреді.
Өндіріс орындарындағы экологиялық талаптардың орындалуы алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады. Мамандар мониторинг жұмыстарын жалғастырып, тұрғындардан түскен шағымдарды назарда ұстамақ. Негізгі міндет – өндіріс дамуына кедергі келтірмей, қоршаған ортаға түсетін салмақты барынша азайту.