АРДАГЕРЛЕР МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Қазақстан ардагерлер құрамасы мен Шымкент қаласының ардагер футболшылары жасыл алаңда жолықты. Алпысты алқымдаған спортшылар шеберліктерін көрсетіп, көрерменге тартысты ойын сыйлады. Ерекше кездесу қазақ футболының дамуына үлес қосқан белгілі футболшы Евстафий Пехлеванидің 65 жылдық мерейтойына арналды. Шымкент қаласы әкімдігі, «Ордабасы» футбол клубы және Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен жолдастық ойын жайлы келесі материалда.
Мерейтой иесі де бұл кездесуден шет қалмады. Жастық шағын еске алған ардагер футболшы замандастарымен бірге алаңға шығып, доп тепті. Сондай-ақ Шымкентке деген ерекше ықыласын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
ЕВСТАФИЙ ПЕХЛЕВАНИ, АРДАГЕР СПОРТШЫ
Шымкентке келген сайын ерекше әсерге бөленемін. Қазір Алматыда көбірек тұрамын, мұнда сирек келемін. Бірақ әр сапарымнан кейін сағыныш сезімі бойымды билейді. Кезінде өзім доп тепкен стадионда тұрудың өзі оңай емес. Әсіресе бос трибуналарды көру көңілге қаяу түсіреді. Ал «Ордабасы» клубының стадионға жанкүйер жинап, чемпион атанғанына қуаныштымын. Клубты осы жетістігімен құттықтаймын! Еуропа аренасында да абыройлы өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне тілектеспін.
Жолдастық кездесудің негізгі мақсаты – отандық футболдың дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету, олардың спорттағы жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Қалада мұндай басқосулар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
ЖАСҰЛАН БАРМАНҚҰЛОВ, «ОРДАБАСЫ» ФК ПРЕЗИДЕНТІ
Бүгінгі мерекемен ардагерлерді шын жүректен құттықтаймын. Бұл кісілер қазақ футболының өркендеуіне үлкен үлес қосты.
Мерекелік кездесуге мерейтой иесінің замандастары мен бұрынғы әріптестері де жиналды. Олардың арасында Вахид Масудов сынды қазақ футболының белгілі ардагерлері бар. Олар алаңда шеберліктерін байқатып қана қоймай, спорттағы естеліктерімен де бөлісті. Мұндай кездесулер ардагерлер еңбегін ұлықтап, футболдағы сабақтастықты жалғастыруға және жас буынның спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.