«OÑTÚSTIK» ТҮЛЕКТЕРІ
«Oñtústik» телеарнасы өзінің 36 жылдық тарихында ордалы медия мектепке айналып, талай шәкіртті тәрбиеледі. Жас мамандарды серпілтіп, ақпараттың қазанында қайнатты. Қанатын қатайтып, қаламын ұштады. Бүгінде оның бір шоғыры республикалық деңгейде хабар таратып, есімі елге белгілі журналистке айналған.
Ғани Қалмахан – «Оңтүстікке» 2000 жылдардың басында келген. Қазақ ұлттық университетін тәмәмдап, қолына диплом алған жас маман туған жерге оралды. Шымкент телеарнасына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. Аға буынға құлақ асып, ақыл-кеңесін тыңдайды. Біліктілік ұштап, тәжірибе жинақтайды. Тілшілігі толысып, арыны асқан маман ұлттық арнаның көзіне түсіп, Шымкенттегі меншікті тілшісі атанады. Ол мұндай жауапты қызметті 20-жыл бойы абыроймен атқарды.
Тіршілігін тілшілікке арнаған азамат – «Оңтүстікте» өткен сәттерін сағынышпен еске алады. Өйткені ол осында алғаш мәтін жазып, сюжет құрауды үйренді. Тікелей эфирге қосылып, көрерменге шынайы ақпар таратты. Аға буыннан үйренгенін ізбасарларға нұсқап, шәкірт шоғырын тәрбиеледі. Бүгінде сол әдетінен жаңылмай, рухани астанадағы «Түркістан» телеарнасында ақпараттық- сараптамалық бағдарламалар дерекциясына жетекшілік етіп жүр.
ҒАНИ ҚАЛМАХАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2002-2005)
– «Бізге шын мәніндегі ақпараттың бейтараптық ұстанымдарын, жылдам жеткізу тәсілдерін үйретті. Соның арқасында сол кезде «Оңтүстікте» тізе қосып еңбек еткен біршама мамандар бүгінде республикалық телеарналарда жұмыс істеп жүр. Бұл «Оңтүстіктің» тәжірибеге бай мектеп екенін аңғартса керек.»
Аға жолын жалғаған Нұрсұлтан да телевизиядағы қадамын қара шаңырақта бастаған. Қолына қалам ұстап, сюжет жазуды осында үйренген. Эфир тізгіндеп, көрерменмен тікелей байланысқан. Жаңалықтар мен бағдарламаларды қатар жүргізіп, «Оңтүстіктің» қазанында қайнаған. Бүгінде тәжірибесі толысқан ол «Хабар» агентігінің Шымкенттегі меншікті тілшісі.
НҰРСҰЛТАН МҰХАМЕДЖАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2016-2021)
– «Журналист боламын деген шешімді осы арнаның көрермені болып отырған кезде қабылдағанмын. Хабар тарату, эфирден көріну деген ұғымдар қатты ұнаған болатын. 2016 жылы телеарна табалдырығын имене аттағанызда ұйымшыл ұжым өзектен теппеді. Керісінше қолдау көрсетті. Білген-түйгенін аямады.»
Қос кейіпкер де алғашқы еңбек жолын «Оңтүстікте» бастап, мектебін оқыған түлектері. Бүгінде қызмет бабымен басқа ұжымдарда қызмет атқарып жүр. Бірақ, қашан да алғашқы ұжым, бірінші тәжірибе ыстық дейді олар.
НҰРСҰЛТАН МҰХАМЕДЖАН, OÑTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (2016-2021)
– «Журанлистикадағы әрбір жетістігімізге «Оңтүстік» телеарнасы себепкер деп айта аламыз.»
Телеарна тұсауын 1990 жыл 5 қарашада кесті. Ардегер оператор Ағабек Қазанбай сол күндердің куәсі. «Оңтүстіктің» уғын қадап, шаңырағын көтеруге атсалысқандардың бірі. Бүгінгідей цфрлы құрылғылар жоқ, бейне камера тапшы кезеңде жұмыс істеген. 1000-нан аса сюжет, 50-ге жуық деректі фильм таспалаған.
АҒАБЕК ҚАЗАНБАЙ, "ОҢТҮСТІК" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕР ОПЕРАТОРЫ (1990-1998)
– «Техника жоқтың қасы. Бір қатар техниканы сонау Ресейден алдырдық, бір қатар техниканы, жарық беретін құрылғыларды..» «Бұрынғы Целиноград телеканалынан алып келдік.» «Жылжымалы телекамера жоқ. Кешкісін алтыда тікелей эфирге шығамыз. Мынадай суфлер жоқ. Диктор кәдімгі А3 параққа қарап оқиды.»
90-шы жылдарЫ Шымкенттіктер үшін медия саласы таңсық еді. Ел ішінде сөз ұстайтын шешен табылғанымен, құрылымы қиын камераны түсінетіндер аз болатын. Қиын-қыстауда Ахаң білгенін көппен бөлісіп, 50 – ге жуық шәкірт тәрбиеледі.
– «Бізге сол кезде телеоператор жетіспейді.»– «Көшеде жүрген кісілерге қолқа салып, шығармашылыққа жақынсың ғой бізге келсең қайтеді деп жалынғандай болдым. Сөйтіп бірқатар жігіттерді үйреткенім рас.»
1993 жыл. Наурыз. Ағабек Қазанбай ұлыс күнін жоғарыдан таспалау үшін әуе шарына отырып, биікке көтеріледі. Бастапқыда бәрі ойдағыдай еді. Қажетті кадрларды түсіріп, тәуекелі ақталғандай көрінген. Кенет, ұшатын шар теңселіп, төмен қарай құлдилай кетеді.
АҒАБЕК ҚАЗАНБАЙ, "ОҢТҮСТІК" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕР ОПЕРАТОРЫ (1990-1998)
– «Мы падаем земляк дейді, что случилас деймін сасқанымнан. Газ кончилсия дейді.» «Себеттің ішіне ұзынынан жатып алдым камерамды қапсыра құшақтап, не де болса маңдайға жазғанын көремін деп.» «Камера ол кезде 3,5 мың доллар, жоға 10 мың доллар тұратын еді шамасы.» «Камера сынып қалмасын деп құшақтап, қорғап қалдым ғой камераны. – Камера сынбады ма? – Жоқ, сынбады. Бірақ, менің қабырғаларым сынды.»
«Оңтүстікте» жүріп шеберлік шыңдаған маман кейіннен «Хабар» агенттігінде жұмыс істеді. Шет елдерден ақпар таратып, отандық журналистиканың дамуына үлес қосты. Ерен еңбек еленіп, «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғұмырын осы салаға арнаған маман қартайтым қажымайды. Жасы жетпістен асса да қолынан камерасы түскен емес. Бүгінде ол «Айғақ» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып келеді. «Оңтүстіктің» қазанында қайнап, мектебінде шыңдалғандар бүгінде іргелі ұжымға алғыс айтады. Қара шаңыраққа жиі қатынап, шығармашылық байланысты үзбей келеді.