КІТАП ОҚЫП, 10 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҰТУҒА БОЛАДЫ
Кітап оқып қана қоймай, 10 миллион теңге ұтып алуға болады. Бұл – «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының жүлде қоры. Байқауға қатысушылар арнайы тізімдегі шығармаларды оқып, туынды туралы пікірін жазуы керек. Бүгінде бастамаға еліміздің 20 өңірі түгел қолдау білдіріп, белсенділік танытуда. Ал Шымкенттегі Пушкин кітапханасында кітап оқу мәдениетін дамытуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселесі талқыланды. Тілшіміз тарқатады.
Басқосуда «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы таныстырылып, кітапхана жұмысын жаңа технологиялармен жетілдіру жолдары сөз болды. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, білім көкжиегін кеңейтуге жол ашады.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл бір немесе екі жылдық жоба емес. Осы болашақта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында халқымыздың өзін-һзі дамыту мақсатында жүргізіліп жатыр. Зерделі ұрпақ қалыптастыру мақсатында.»
Жасанды интеллект кітап мазмұнын тереңірек түсінуге де көмектеседі. Мәселен, виртуалды көмекші шығарманың желісі мен кейіпкерлері туралы қосымша ақпарат ұсынып, оқырманның қызығушылығын оятады. Осы бағытта кітапханада виртуалды оқу залдары да іске қосылған.
ФЕРУЗА КЕНЖЕЕВА, А. ПУШКИН КІТАПХАНАСЫНЫҢ ӨЛКЕТАНУ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Біздің кезімізде кітапты оқып соны ойша елестететін едік. Қазір ЖИ арқылы сол кітап сюжеті жайлы ондағы кейіпкерлер жайлы ақпарат алады.»
Жиында кітап оқуды насихаттауға арналған жаңа жобалар да таныстырылды. Мамандар заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы кітапхана қызметін қолжетімді етіп, оқырман санын арттыруға ниетті. Бастысы – өскелең ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятып, оқу мәдениетін қалыптастыру.