Негізгі Жаңалықтар БАЛУАНДАР БӘСЕКЕСІ

БАЛУАНДАР БӘСЕКЕСІ

Шымкентте күрес додасы басталды. Грек-рим күресінен академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған XXXII халықаралық турнир жалауын көтерді. Отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті бапкердің құрметіне ұйымдастырылған жарысқа биыл жеті елдің балуандары жиналды. Дүбірлі дода барысын тілшіміз баяндайды.

Жарыс жолына Қазақстан, Венгрия, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 250-ге жуық балуан шықты. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Бұл бәсеке – спортшылар үшін шеберлігін шыңдап қана қоймай, алдағы ел чемпионатына жолдама алуға мүмкіндік беретін маңызды сын.

 БИСОЛТ ДЕЦИЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Бұл турнир Қазақстан чемпионатына іріктеу болып табылады. Желтоқсан айының басында Орал қаласында ел чемпионаты өтеді. Өзін тексергісі келетін палуандар осы турнирде бақ сынап көреді. Бұл жерде жүлде қоры да жақсы. Бұл турнирде әлем чемпиондары сыналған. Мелниченко, Бақтияр Байсейітовтер осы турнирде шыңдалған.  

Жыл сайын халықаралық деңгейі артып келе жатқан турнирге шетелдік балуандар да ықылас танытып отыр. Ал отандық спортшылар үшін бұл – тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндігін саралайтын маңызды алаң. Жарысқа қатысушылар мұндай бәсекелердің күрес мектебін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

МЕЙІРЖАН ШЕРМАХАНБЕТ, СПОРТШЫ
Елімізде күрес жылдан жылға деңгейі өсіп жатыр. Осы күрестің дамуына үлес қосып жүрген Марат Марданұлы ағамызға рахмет. Елімізде осындай турнирлердің көп өтуі спорттың дамуына септігін тигізеді.

Бұл турнир – есімі ел спортымен біте қайнасқан тұлғаның өнегелі жолына көрсетілген құрмет. Мардан Сапарбаев – көрнекті бапкер, ғалым, педагогика ғылымдарының докторы. Ол саналы ғұмырын спорт пен білім саласына арнап, талай талантты шәкірт тәрбиеледі. Сайрам ауданының Құрметті азаматы атанған ұлағатты ұстаздың еңбегі бүгінгі буынға үлгі. Турнирдің ашылу салтанатында шәкірттері, спорт саласының өкілдері мен қоғам қайраткерлері ардақты ұстаздың өнегелі өмірін еске алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бөлісу