ЦИФРЛЫҚ ӘЛЕМДЕГІ ҚАУІП
Соңғы жылдары кибералаяқтық деректері күрт көбейді. Елде өткен жылы 26 мыңға жуық интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Қауіптің алдын-алу үшін қалалық цифрландыру мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары студенттерге түсіндіру жұмысын жүргізіп жүр.
Қазір әлеуметтік желіге кіреміз, онлайн сауда жасаймыз, банк қызметтерін қолданып, түрлі қосымшалар арқылы күнделікті шаруамызды атқарамыз. Алайда цифрлық мүмкіндіктер көбейген сайын интернеттегі қауіп те артып келеді. Кездесуде жастарға ақпараттық қауіпсіздік жайлы маңызды ақпараттар айтылды. Цифрландыру басқармасының өкілдері белгісіз нөмірден келген қоңырауға сақтықпен қарап, фишингтік хабарламаларды ажырата білу қажеттігін жеткізді.
ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жастардың сауаттылығын арттыру мақсатында фишинг, дипфейк деген ұғымдарды түсіндіріп жүрміз.Қазір әлемде 39 секундта 2 шабуыл болады.Біз қолданатын әлеуметтік желілерді, дербес деректерді шетел азаматтары қолданады.Осф бойынша түсіндіру жұмысын жүргізіп жүрміз.
Бүгінде алаяқтар адамды арбаудың түрлі жолдарын қарастырады. Олар өзін банк қызметкері, полиция өкілі не белгілі бір ұйымның маманы ретінде хабарласып, сенімге кіруге тырысады. «Шотыңыз бұғатталды», «Сыйлық ұтып алдыңыз» сынды хабарламалар жолдап, дербес деректерді алуға әрекеттенеді.Жиында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары қылмыстың алдын-алу жолдарына тоқталды.
ЕРДӘУЛЕТ ЕРАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Қазір студенттер мектеп бітірген соң университетке келеді.Студенттер ақша қажеттілігіне байланысты картасын жалға береді.Бұл қылмысты «дроперрлік» деп атаймыз.Бұл үшін заңнамада жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Қазір біз осы бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп жүрміз.
Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын жастар үшін цифрлық қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызды. Студенттер мұндай басқосулар оқу орнында жиі ұйымдастырылып тұратынын айтады.
АЗУГЕРТ СОВЕТҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
Біз бұл тақырып жайында сабақ барысында өтеміз.Бізге пән мұғалімдері сақтану жолдарын үнемі түсіндіріп отырады.Бүгін көптеген басқарма өкілдері келіп, интернет алаяқтықтан қорғану бойынша пайдалы ақпараттар айтты.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін сақтық қажет. Мамандар кез келген күмәнді хабарламаны тексеріп, қылмысты дереу құзырлы органдарға хабарлау керектігін айтады.