ПРЕЗИДЕНТ КІТАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» атты жинағы талқыланды. Алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, сарапшылар мен жастар қатысты. Басқосуда Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты салмақты пайымдары сараланды.
Кітаптың оқырманға берері мол. Мемлекет басшысының бұл еңбегі – елдік пен бірліктің, әділдік пен жауапкершіліктің темірқазығына айналған тағылымды басылым. Әсіресе өскелең ұрпақ үшін бұл жинақтың маңызы айрықша. Еңбекте жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағыт беретін құнды ойлар қамтылған.
МҰХТАР ТӨЛЕГЕН, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДА ОҚЗУ РЕКТОРЫ
Мемлекеттер арасында ғылым мен технология дами береді. Дегенмен, жастардың тәрбиеленуі үшін жастарға біз жол көрсетіп отыруымыз керек. Президенітіміз айтқандай, жастар ең алдымен патриот, адал, еңбекқор болуы керек. Егер жастарымыз білімді, адал ниетті болатын болса, болашағы жарқын болады.
21 бөлімнен тұратын бұл кітап – заң мен тәртіп, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар мен цифрландыру төңірегіндегі терең ойлардың тоғысы. Кездесуде белгілі профессорлар кітаптың мән-маңызын сараласа, белсенді жастар білім-тәрбие мәселесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
СӘУЛЕ НАЗАРБЕКОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДА ОҚЗУ ПРОФЕССОРЫ
Цифрландыру–заман талабы.Қазір барлық мәлімет ақпараттық жүйеде болып отыр. Біз студенттерге білім беретін кезде цифрландыруды қолға алдық.Олар қазір мұны қолданысқа енгізді.
Жинақ жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, елге адал қызмет етуге, жауапкершілік қасиетті берік ұстануға үндейді. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту бойынша ұсыныстарын айтты.