Негізгі Жаңалықтар РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР

Татамиде тартыс қызды! Мегаполиске еліміздің 9 өңірі мен Қырғызстаннан келген жас дзюдошылар жиналды. 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер Дінмұхамед Қонаев атындағы II республикалық ашық турнирде өзара мықтыны анықтап жатыр.

Жас дзюдошылар үшін бұл – шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинайтын маңызды дода. Биылғы бәсекеге Қазақстанның 9 өңірі мен көршілес Қырғызстаннан 700-ге жуық спортшы қатысып, татамиде бақ сынауда.

 ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бізде қазіргі таңда резерв жақсы дамып келе жатыр. Жуырда ғана Эквадорда өткен жарыста қыздарымыз әлем чемпионы және жүлдегерлер атанып келіп жатыр. Бұл қалада дзюдоға жақсы көңіл бөлгеннің нәтижесі деп ойлаймын.

Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған турнир биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарыстың ашылуында зиялы қауым өкілдері де бас қосып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

ШӘРІПБЕК ЖАМАЛБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Бәрімізге белгілі спорт сүйер қауымға әсіресе жастарды рухани тәрбиелеуге істеліп жатқан үлкен іс шара. Оның ішінде елімізді басқарған сол кісінің кезінде Қазақстанда 43 ке жуық қала салынған. Экономикасы көтерілген. Сол кісіні еске алуға үлкен жоба бұл турнир.

 Екі күнге жоспарланған бәсекеде спортшылар түрлі салмақ дәрежесінде күш сынасады. Әр белдесуде татамидегі техника мен тактика, шапшаңдық пен төзім сыналады. Жас палуандар үшін бұл – өз деңгейін байқап, тәжірибесін арттыратын үлкен мүмкіндік.

 МАХАНБЕТ ЖАНАЙДАР, СПОРТШЫ
 Мен қазір даму кезеңіндемін. Алдағы уақытта әлем чемпионы болғым келеді. Соған тыңғылықты дайындалып, еңбек етіп жүрміз.

 Шымкентте дзюдоны дамытуға және жас спортшылардың әлеуетін арттыруға басымдық беріліп келеді. Ал осындай ірі додалар балуандарға тәжірибе жинап, жаңа белестерге қадам басуға жол ашады.


Бөлісу