ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Шымкентте экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді рейдтік іс-шаралар басталды. Ауқымды акцияны қалалық прокуратура, Полиция және Экология департаментінің мамандары бірлесе ұйымдастырды.Арнайы топ өкілдері көліктерді тоқтатып, газталдағыш құрылғының көмегімен түтін құрамындағы зиянды заттардың мөлшерін өлшеді.
Көлік санының артуы қоршаған ортаға түсетін салмақты да көбейтеді. Әсіресе техникалық жағдайы талапқа сай емес көліктерден бөлінетін зиянды заттар атмосфералық ауаның сапасына кері әсер етуі мүмкін. Бақылау барысында зиянды шығарындылардың мөлшері өлшеу құрылғылары арқылы анықталды. Ал тексеру нәтижесі белгіленген экологиялық нормативтермен сараланды. Егер зиянды шығарындылардың мөлшері асып кеткені анықталса, жүргізуші айыппұл арқалайды.
ҚАНАТ БЕРДЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Көліктен шығатын түтін қала ауласының ластануына тікелей әсер етеді.Рейд барысында нормативтен асатын зиянды заттар анықталса, қолданыстағы заңнамға сәйкес шара қолданылады.Шығындылар белгіленген нормадан асса, 10 МРП әкімшілік хаттама түзіліп, айыппұл салынады.
Дегенмен бұл жұмыстың мақсаты заң бұзушылықты анықтап, жүргізушіні жауапкершілікке тарту емес. Мұндағы міндет – қала ауасының тазалығын сақтап, тұрғындардың денсаулығын қорғау.
МҰСАҒАЛИ ЖҰМАБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Экологиялық акцияға белсене қатысу – баршамызға ортақ міндет.Көлік жүргізушілері автокөлігін техникалық тексерістен өткізіп тұруы керек.Себебі, ауа таза болса, экология жақсарады, денсаулыққа зиян келмейді.
Мамандардың айтуынша, экологиялық тазалыққа әр азамат өз үлесін қоса алады. Ол үшін көлікті уақытылы техникалық тексеруден өткізіп, ақауларын дер кезінде анықтау маңызды.