Негізгі Жаңалықтар ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОКУРОРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОКУРОРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОКУРОРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Есірткі бизнесі, цифрлық қылмыс және жасанды интеллект. Түркі мемлекеттерінің прокуратуралары осы бағыттардағы бірлескен жұмысты күшейтпек. Түркістанда Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы Бас прокурорлары кеңесінің 5-отырысы өтті.


 Отырыстың күн тәртібінде цифрлық ортадағы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселесі тұрды. Қатысушылар есірткі қылмысының жаңа түрлерін бірлесіп тергеу, қылмыстық желілерді анықтауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия прокуратураларының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің өкілі қатысты.


БЕРІК АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ
Біздің тұрақты кездесулеріміз бізге тікелей кәсіби диалог орнатуға, ортақ мақсаттарды талқылауға және ұйым ішінде өзіміздің прокурорлық күн тәртібімізді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біздің арамызда қалыптасқан өзара сыйластық пен ынтымақтастық қарым-қатынасымыз өзара іс-қимылымыздың одан да мазмұнды әрі нәтижелі болуы үшін берік негіз жасайды. Бүгінгі кездесу өзекті мәселелерімізді жан-жақты талқылап, бірлескен жұмыстың алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін осы жолдағы тағы бір маңызды қадам болмақ.


Тараптар есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика және қаржылық тергеп-тексеру бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Сондай-ақ жасанды интеллект пен талдау технологияларын қолдану бойынша тәжірибе алмасуды дамытуға уағдаласты. Соңғы бес жылда елімізде 400-ден астам есірткі зертханасы жойылып, 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Есірткі тасымалдаудың 720 арнасы жолы кесіліп, 147 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Ал соңғы екі жылда «ақшаның ізімен жүру» қағидаты бойынша есірткі бизнесіне қатысты шамамен 35 миллион АҚШ доллары көлеміндегі активке тыйым салынған.

Бөлісу