Негізгі Жаңалықтар «КИБЕРМӘДЕНИЕТ АЙЫ»

«КИБЕРМӘДЕНИЕТ АЙЫ»

«КИБЕРМӘДЕНИЕТ АЙЫ»

Алаяқтардан сақтанудың жолы қандай? Күмәнді сілтемені ашпау не үшін маңызды? Осы және өзге де сұрақтарға жауап білім беру орындарында түсіндірілуде. Шымкентте қыркүйек – «Кибермәдениет айы». Осыған орай цифрландыру басқармасы жоғары оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті.

Цифрлық қауіпсіздікке қатысты маңызды кеңестер студенттер мен оқытушыларға жан-жақты түсіндірілуде. Кездесулерде жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау және күрделі құпия сөздерді қолдану жолдары айтылды. Мамандар интернет алаяқтықтың кең тараған тәсілдеріне де тоқталып, киберқауіптің алдын алудың тиімді жолдарын көрсетті.

БАҚЫТЖАН БЕКБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ, ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ
Осы уақытқа дейін 5 университет, колледждерге кіріп шықтық. Бұл біздің мақсатымыз – профилактикалық жұмыстарды жүргізу. Университетке түскен жасөспірімдеріміз, студенттерге заң мен тәртіп қағидаларын үйреттік. Интернет алаяқтық бойынша СМС кодты айтпау, алаяқтарға алданып қалмау жөнінде, дроперство ретінде, инвестиция, барлық интернет алаяқтықтарға байланысты профилактикалық жұмыстар жүргіздік.

Киберқауіпсіздік талаптарын білу - цифрлық ортадағы қауіптің алдын алудың алғашқы қадамы. Сондықтан кездесулерде нақты мысалдар келтіріліп, алаяқтардың арбауына түспеудің тәсілдері түсіндірілді. Студенттер мен оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

 ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осымен 5 университетімізге келіп жатырмыз. Осы аптада біз қыркүйек айын «Кибермәдениет айы» деп, университеттерді тәмамдап жатырмыз. Ендігі аптада бізде 3 колледж, 3 мектеп бастаймыз тағы да. Киберқауіпсіздік, кибергигиена, кибермәдениет бойынша осы студенттер мен оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын полиция департаментімен бірге жасайтын боламыз.

Цифрлық ортада сақтық таныту – қауіпсіздіктің басты шарты. «Кибермәдениет айы» аясындағы түсіндіру жұмыстары енді колледждер мен мектептерде жалғасады. Мамандар жастарға киберқауіпсіздік пен кибергигиена талаптарын меңгертуді көздеп отыр.

Бөлісу