«АРҚАЛЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ» ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Арқалықтың ақ таңы» драмасы сахналанды. Тағдыр мен тарих көрініс тапқан шығармада елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолы бейнеленді.
Қойылымның өн бойынан тарихи кезеңнің тынысы сезіледі. Сахнадағы көрініс ел үшін еңбек еткен тұлғалардың өмір жолын, олардың ұлт болашағы үшін атқарған қызметін бейнелейді. Тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің келбеті ашылып, өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастық айқындала түсті.Арқалық өңірінен арнайы келген өкілдер Өзбекәлі Жәнібековтің елге еткен еңбегін ерекше атап өтті.
МЕШІТБАЙ ЖҰМАНОВ, АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз Арқалық өңірінен келдік.Шырайлы Шымқаламен Қостанай өңірін байланыстыратын мәдени байланыс бар.Өзбекәлі Жәнібеков бізде бес жыл қызмет етіп, театр, музей ашты.Арқалыққа арнатып ән шығартқан.
Әртістердің сахнадағы шынайы ойыны қойылымның әсерін еселей түсті. Кейіпкерлердің ішкі толғанысы, қуанышы мен мұңы көрерменді оқиға желісіне елітті.
БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Тарихи тұлғалар мен тарихи кезеңді көрсететін қойылым болды.Бұл қойылым арқылы біз ұлы тұлғаның өмір жолын, халықтың тарихи құндылығын насихаттаймыз.
Қойылымның университет қабырғасында өтуі де айрықша мәнге ие. Себебі театр – көрерменге ой салып, тәрбие беретін рухани мектеп. Мұндай шығармалар арқылы жастардың тарихи танымы кеңейіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметі арта түседі.