БАЛАЛАР УРОНЕФРОЛОГИЯСЫ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының медицина саласында жаңа мүмкіндік. Бүйрек және несеп-жыныс жүйесінің туа біткен ақауы бар балалар енді алысқа сабылмай, өңірде ем қабылдай алады. Облыстық балалар ауруханасының базасында балалар уронефрологиясы орталығы ашылды.
Түркістан облыстық балалар ауруханасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Облыстық балалар ауруханаларын реновациялау» жобасы аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Бастама медициналық көмектің сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті күшейтуге және педиатрия саласына заманауи стандарттарды енгізуге бағытталған.
МАДИНА МАМБЕТОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл орталық облыс халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізері анық. Мұнда балалардың несеп жүйесі ауруларын емдейтін болады. Облыстық балалар ауруханасы – көпбейінді мекеме.
Жаңа орталық жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмекті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мұнда бүйрек пен несеп жолдарының туа біткен ақауларына аз инвазивті эндоскопиялық және лапароскопиялық оталар жасалады.
ӘБДІШҮКІР ЕГІЗБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Нефрологиялық және урологиялық ауруларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Екі бөлім қосылып, орталық ашылғаннан кейін бұл көмек одан әрі жақсарады деп ойлаймыз. Алматы мен Астанада осындай орталықтар бар. Солардан алған тәжірибеміздің барлығын осы жерде қолданып, сапалы көмек көрсететін боламыз.
Орталықта емдеу мультидисциплинарлық тәсілмен жүргізіледі. Балалар нефрологтары, урологтар, реаниматологтар және функционалды диагностика мамандары бірлесіп, кешенді ем жүргізеді.
ӘСЕЛХАН ҮСЕНБЕКОВА, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біз гидронефроз диагнозымен келдік. Операция жасалды. Дәрігеріміз Қожаш Бахадырға рахмет. Мейірбике апайларға да алғысымызды білдіреміз.
Орталық білікті медициналық мамандармен және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірде 900 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын облыста 80 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.