Негізгі Жаңалықтар ЖАС ОТБАСЫЛАР БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ БАҚ СЫНАДЫ

ЖАС ОТБАСЫЛАР БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ БАҚ СЫНАДЫ

Жас отбасылар білім бәйгесінде бақ сынады. Шымкентте отбасы күніне орай «Otau IQ» атты интеллектуалды байқау ұйымдастырылды.  Мұнда жанұялар қызықты сауалдарға жауап беріп, тапсырманы бірлесе орындады.


Мансұровтар әулеті ақыл-ойды сынайтын сайысқа алғаш рет қатысып отыр. Олар белсенділігі мен білігін сарапқа салып, бір-бірімен ақылдаса отырып, сауалдарға жауап берді.


МАНСҰРОВТАР ӘУЛЕТІ
 Бүгін отбасымызбен, балаларымызды ертіп, сайысқа қатысуға келдік.Түрлі қызықты сұрақтарға жауап бердік, бір-бірімізбен ақылдастық.Бұл жанұядағы өзара бірлікті арттырады деген ойдамын.


Байқауға қатысуға 25-тен астам отбасы ниет білдірген. Іріктеу нәтижесінде 14 жанұя интеллектуалдық додада бақ сынауға мүмкіндік алды. QUIZ форматында өткен сайыс «Әлқисса», «Ойлар қақтығысы», «Медиа әлемі», «Бақыт мекені», «Алдаспан» және «Global IQ» кезеңдерін қамтыды. Сайыстағы сауалдар да сан алуан. Қатысушылар логикалық әрі танымдық тапсырмалармен қатар, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, отбасы құндылықтарына қатысты сұрақтарға жауап берді.


НҰРҒИСА ШӘРІПБАЙ, ҚАТЫСУШЫ
 Бұл жоба отбасылардың ауызбіршілігін арттыруға бағытталған.Мұндай іс-шаралар арқылы жас отбасыларға татулықты түсіндіріп, үнемі бір-бірімен ақылдасуға үндейміз.Тағы қайта ұйымдастырылса екен дейміз.


Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушыларға мәдени бағдарлама да ұсынылды. Ән мен биден шығармашылық нөмір орындалып, кештің көркін қыздырды. Ал сайыс соңында үздіктер анықталып, жоғары ұпай жинаған жанұялар жеңімпаз атанды. Ал бірқатар қатысушылар арнайы номинациямен марапатталды.

Бөлісу